«Арасында Forbes тізіміндегі адамдар да бар»: Еңбек министрі Қазақстандағы ауқатты адамның жай-күйін сипаттап берді

Автор: Бақыт Шынар

Оның айтуынша, Қазақстанда бұндай санаттағы 329 мың отбасы бар

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жәрдемақы саясатына қатысты алғаш рет ашық брифинг беріп, Жаңа жылдан бастап қандай кісілер ауқатты адамдар қатарына кіретінін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жәрдемақы алатын адамдар бес санатқа бөлінеді. Соның ішінде, А және В санатына түскен адамдар 14 түрлі жәрдемақыдан қағылады. Бүгін Еңбек министрі Асқарбек Ертаев жәрдемақыдан қағылатындар арасында  Forbes тізіміне енген байлар да барын мәлімдеді.

«А санаты – әл-ауқат деңгейі жоғары отбасылар. Бұл санатты анықтау үшін мына талаптың кемі екеуі ескеріледі. А санатындағы отбасылардағы бір адамға шаққандағы айлық кіріс 356 мың теңгеден басталады, жалпы ауданы 120 шаршы метрден асатын бірнеше тұрғын үйі болғанда, коммерциялық жылжымайтын мүлігі бар», - деді Ертаев.

Осы ретте ол бұндай ауқатты адамдарды атындағы ірі жер учаскелері мен ауыл шаруашылығы активтері де ескеріледі деді.

«Бір ғана көрсеткіш отбасын А санатына жатқызуға негіз болмайды. А санатына ең ауқатты үй шаруашылықтары жатады, олардың қатарында Forbes тізіміне енген адамдар, ірі бизнес иелері, елеулі мүлкі мен ауыл шаруашылығы активтері бар адамдар кіреді», - деді Ертаев.

Оның мәліметінше, дәл қазір Қазақстанда дәл осы талапқа келетін 329 мың отбасы бар екен.