Құрылтайда «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы талқыланып жатыр
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап екінші деңгейлі банктер мемлекеттік көмек алушылар мен олардың отбасы мүшелерінің келісімімен банк шоттары мен депозиттері туралы мәліметтерді ұсынады. Бұл туралы Құрылтайдың пленарлық отырысында Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, әлеуметтік қолдау көрсету кезінде азаматтардың кірістерімен қатар шығыстары да ескеріледі. Бұл отбасының нақты материалдық жағдайын бағалап, мемлекеттік көмекке мұқтаж азаматтарды анықтауға мүмкіндік береді.
«Заңға сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап екінші деңгейлі банктер көмек алушының және оның отбасы мүшелерінің келісімімен банк шоттары мен депозиттері туралы мәліметтерді ұсынады. Бұл ретте кірістер де, шығыстар да ескеріледі», – деді Асқарбек Ертаев.
Министрдің түсіндіруінше, отбасының әлеуметтік жағдайын анықтауға арналған жүйе 30 дерекқормен интеграцияланған. Олар күн сайын жаңартылып отырады, ал отбасылардың санаттары ай сайын айқындалады.
Сондай-ақ отбасының материалдық жағдайы өзгерген жағдайда оның санатын қайта қарауға мүмкіндік бар. Бұл мемлекеттік қолдауды азаматтардың нақты әлеуметтік жағдайына қарай тағайындауға жол ашады.
«Мысалы, отбасы қазан айында В санатында болса, белгілі бір тәуекелдерге байланысты желтоқсанда С санатына ауысса, оған мемлекеттік қолдау шарасы проактивті түрде бірден тағайындалады. Бұл бізге отбасылар туралы мәліметтерді тұрақты түрде жаңартып, олардың материалдық және әлеуметтік жағдайын ескеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ азаматтардың әл-ауқат деңгейіндегі өзгерістерге уақтылы әрекет етіп, оны қайта бағалай аламыз», – деді министр.
Үкіметтің бұл тәсілі әлеуметтік көмек көрсету кезінде отбасылардың қаржылық жағдайын тұрақты бақылап, қолдауды нақты мұқтаждығына қарай бағыттауға арналған.
Айта кетейік, бүгін Құрылтай отырысында «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы талқыланып жатыр.