Ол оқу-жаттығу ұлының бөлімінде өткенін білгенде қиын жағдайда болғанын айтты
Каспий теңізінде аман қалған сарбаз Ақжол Темірханның анасы Самал Кеуелова қаралы күні болған жағдайы туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Сол күнгі оқиға мені сындырды… Өмірде талай қиындыққа мойымайтын, бәріне шыдап үйренген мен де сындым. Жанымның қаншалықты ауырғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Кейбір сәттерді есіме түсіре алмай қалдым. Бұрын басымда екі-үш тал ғана ақ шашым бар еді. Сол бір сағаттың ішінде шашым ағарып, өзімді он жылға қартайып кеткендей сезіндім. Өзен мен Ақтаудың арасы бұрын соншалықты ұзақ болып көрмеп еді. Сол күні жолдың әр метрі бітпейтіндей сезілді. Рөлде отырған бауырым менің бар эмоциямды көтерді. Жыладым, айқайладым, Алладан жалбарынып тіледім», – дейді Самал Кеуелова.
Сөзін жалғай отырып, бастапқыда қай әскери бөлімде оқу-жаттығу болғанын білмегенін, кейін оның Ақжолдың әскери бөлімі екенін естігенде, жүрегі аузыма тығылғанын айтты.
«Балам солардың ішінде бар ма? Аман ба? Не болды екен?» деген мың сан сұрақ жанымды жегідей жеді. Тоғыз баланы құтқара алмағанын естігенде, өзімді қоярға жер таппадым. Ақжолдың сол балалардың ішінде бар-жоғын білмей, тек Алладан тіледік. «Я, Алла, баламды аман сақтай гөр! Баламды маған қайтаршы!» деп жалбарындық. Телефонның ар жағынан әкесінің жылаған дауысын естіген сәтте. Одан асқан ауырлық бар ма екен», – деп еске алды сарбаздың анасы.
Ол өз сөзінде ана жүрегі баласына бірдеңе болғанын сезсе, бүкіл әлем тоқтап қалғандай болатынын тілге тиек етті.
«Ақтауға жақындай бергенде, Азаматымның Анасы WhatsApp қа жазды. Сол сәтте уақыт тоқтап қалғандай болды. Не сезінгенімді, қалай жылағанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бауырыма айқайлап: «Қатты айдашы! Тезірек жетейікші! Штрафын өзім төлеймін!» деп жалына айқайладым. Сол сәтте мен үшін жол ережесі де, айыппұл да, басқа ештеңе де маңызды емес еді. Тек балама тезірек жетсем екен, аман екенін өз көзіммен көрсем екен деген бір ғана тілек болды. Ана жүрегі баласына бірдеңе болғанын сезсе, бүкіл әлем тоқтап қалғандай болады екен. Баламның амандығын білмей өткен сол бір сағат мен үшін ғасырға татиды», – деп жазды ол.
Сөз соңында баласының аман қалғанын қозғап өтті.
«Әй, Алла! Баламен сынамашы. Ананың жүрегіне көтере алмайтын қайғыны салмашы. Балаларымыз аман болсыншы. Аналардың көз жасы қуаныштан ғана ақсыншы. Ешбір ата-ана перзентінің тағдыры үшін осылай жанын шүберекке түймесінші. Баламның амандығы үшін мың шүкір, Аллам!» – деп сөзін түйіндеді.