Шымкентте Мемлекеттік кірістер департаменті инвестордың жолын байлап, шоттарын жауып тастаған

Автор: Асыл Арман

Инвестордың құқығын қорғауға прокурорлар араласты

Фото: istockphoto.com

Шымкентте мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері инвестордың жұмысына кедергі келтіріп, жұмысына заңсыз араласқаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық прокуратураның мәліметінше, ведомство өкілдері «White Fellow-Deer» компаниясының шығыс операцияларын тоқтату туралы әкімшілік акт шығарған. Осыдан кейін компания корпоративтік табыс салығы бойынша қосымша салық есептілігін тапсырып, ведомствоның талаптарын орындаған.

Салық кодексінің 86-бабы 7-тармағына сәйкес, мұндай жағдайда әкімшілік актіні шығарған салық органы ертеңінде-ақ тоқтатуы керек болатын.

Алайда Шымкент қаласының Мемлекеттік кірістер департаменті инвестордың шоттарын қалпына келтірудің орнына, әкімшілік актінің күшін тек 4 айдан кейін жойған.

«Осы факті бойынша кінәлі лауазымды тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 173-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған 216 250 теңге айыппұл салынды. Бұдан бөлек, инвесторлардың банк шоттарына қойылған шектеулерді уақытылы алып тастамаған тағы үш салық органының қызметкері әкімшілік жауаптылыққа тартылды», – делінген прокуратураның хабарламасында.

Шымкент қаласының прокуратурасы әкімшілік қиындықтарға ұшыраған инвесторларды +7 (707) 615-00-10 телефоны немесе 115 Call-орталығы арқылы хабарласуға шақырады.