Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан әлемдегі ең ықпалды 35 елдің қатарына енді

Автор: Асыл Арман

Халықаралық рейтингіндегі жоғары көрсеткіштер Қазақстанның түрлі салалардағы даму нәтижелерін көрсетеді

Фото: istockphoto.com

World Population Review платформасында жарияланған Most Powerful Countries 2026 рейтингінде 100 мемлекеттің даму көрсеткіштері сараланған. Бұл рейтингте Қазақстан 34-орынға тұрақтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Зерттеу барысында Қазақстан Мажарстан мен Мысырдың арасында орналасып, Дания, Біріккен Араб Әмірліктері, Норвегия және Сауд Арабиясынан озық тұр. Сондай-ақ Украинадан (51-орын), Беларусь елінен (57-орын), Өзбекстаннан (71-орын), Латвиядан (74-орын), Эстониядан (75-орын), Армениядан (80-орын) және Грузиядан (91-орын) жоғары тұр. Рейтингінің алғашқы үштігіне Қытай, АҚШ және Үндістан енді.

Бағалау барысында мемлекеттердің саяси және экономикалық ықпалы, көшбасшылық әлеуеті, халықаралық одақтары мен әскери қуаты ескерілді. Халықаралық рейтингіндегі жоғары көрсеткіштер Қазақстанның түрлі салалардағы даму нәтижелерін көрсетеді. Бұл ретте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан саясаттың маңызы зор.

Елдің ілгерілеуі әсіресе оның экономикалық көрсеткіштерінен айқын көрінеді. Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 15 мың доллардан асты. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 9,1 мың долларды құраған. Осылайша, өсім 64,5%-ға жетті. 2018 жылғы 9,8 мың доллар көрсеткішпен салыстырғанда өсім 52,9%-ды құрады. Соңғы жеті жылда республикада 3,6 млн жаңа жұмыс орны ашылды, оның 2,4 млн-ы – тұрақты жұмыс орны. Осы кезеңде 1300-ден астам мектеп, 1500-ге жуық балабақша және 1259 жаңа медициналық мекеме ашылды.

Соңғы жеті жылда ел экономикасына 155 млрд доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартылды. Бұл отандық нарықтың инвестициялық тартымдылығын айғақтайды.

Қазақстан бірқатар өзге де халықаралық рейтингіндегі өз позициясын жақсартты. IMD World Competitiveness Ranking 2026 рейтингінде 70 елдің арасында 38-орынға ие болса, Жаһандық инновациялар индексінде бірден сегіз сатыға көтеріліп, соңғы онжылдықтағы ең үздік нәтижесін көрсетті. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының рейтингі бойынша республика Орталық Азия елдері арасында бірінші орынға ие болды. Сондай-ақ CEOWORLD ұлттық бедел индексі мен Legatum Prosperity Index өркендеу индексінде өңір көшбасшысы атанды. Сонымен қатар Қазақстан БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу индексіндегі орнын жақсартып, 82 елдің арасында 53-орынға тұрақтады. Ал Immigration Index 2026 бағалауы бойынша қоныс аударуға қолайлы елдер арасында ТМД мемлекеттері арасында бірінші орынға шықты.