Қазақстандық Динара Еркінованың жазбасына әзілкеш «Инцест – бұл харам» деген пікірін жазып кеткен
Желіде танымал әзілкеш, стендап-комик Әлібек Жұмабектің пікірі үлкен дауға ұласты. Даудың басы оның екі баласында аутизмі бар әйел адамға жазған пікірінен басталды. Ол әзілкештің өзіне жазған пікірі тіл тигізгенін айтып, желіде арнайы жазба жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстандық Динара Еркінованың жазбасына Әлібек Жұмабек «Инцест – бұл харам» деген пікірін жазып кеткен.
«Мен әзілдің кез келгенін жетер шегіне дейін жақсы көремін. Тіпті балаларымның жағдайына қарамастан барынша көңілді өмір сүруге тырысамын. Бұл менің өмір сүруіме үлкен көмегін тигізеді. Мен күн-түні балаларымның қасынан шықпаймын, оларға жасаған қамқорлығымды ешкімге міндетсінбеймін және олардың дамуы үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Бірақ әзіл мен тіл тигізудің арасында айырмашылық бар. Мұндай пікір мүмкіндігі шектеулі немесе мүгедек балалары бар ата-аналардың жанын жаралайды. Мына адам өзін бәрінен ақылды, ХХІ ғасырда жалғыз өмір сүріп жүрмін деп санайтын сияқты. Ол ғана өзінің жеті атасын біледі деп, ал біз одан мақұрымбыз деп ойлайтындай. Біз де оны жақсы білеміз», – дейді Динара Еркінова.
Сөзін жалғай отырып, үлкен аудиториясы бар әзілкештің бәріне ата-ана кінәлі деген ұғымды меңзеп тұрғанын тілге тиек етті.
«Мұндай пікірлердің қандай зияны бар? Ол мұндай жағдайларды діни ұғыммен әрлеп, бұған қоса ерекше бала туғаны үшін ата-аналарды жазғырады. Сонда бұл жағдайға олардың өздері кінәлі болғаны ма? Біз айналып келіп, тағы да сол жағдайға тоқталамыз: бәріне ата-ана кінәлі. Мен бұл адамға мұндай пікір жазбас бұрын аздап көкірек көзін ашып, жан-жақты білім алып, оны ой елегінен өткізу керектігін айтар едім. Ол қолына микрофон алып, өзінің әзілі арқылы үлкен аудиторияға ойындағысын жеткізеді. Ал мына жағдайда дұрыс емес екені белгілі», – дейді желі қолданушысы.
Сөз соңында әзілкешке осы пікірі үшін сотқа арыз жазуға болатынын айтып ескертті.
«Елдің бұл жағдайды түсінуі үшін қанша уақыт өтуі керектігін білмеймін. Бірақ бізге тіл тигізудің қажеті жоқ. Әзілдесіп, күлуге еш қарсылығым жоқ. Бірақ үнемі қорлау шектен шығып кетеді. Осы үшін сотқа да жүгінуге болады», – деп ескертті Динара Еркінова.