Комитет бірқатар нақты тапсырмаларды атап өткен
Бүгін Қазақстан Халық Кеңесінің Қоғамдық бастамаларды дамыту комитетінің алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Кеңестің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Айта кетейік, бұл Комитеттің төрағасы болып Вера Ким тағайындалған еді. Ең алдымен тараптар Комитет жұмысының форматын талқылап, үш салалық комиссияны құруға ерекше назар аударды. Дәл осы комиссиялар бастамаларды жан-жақты пысықтау және өзекті қоғамдық маңызы бар мәселелерді шешу бойынша негізгі алаңға айналады.
Вера Ким атап өткендей, Комитеттің басты міндеті – Халық Кеңесі мүшелерінің қоғамдық және сараптамалық әлеуетін біріктіріп, өзекті мәселелерді мазмұнды талқылау және нақты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы сессияда белгілеген міндеттері аясында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері өздерінің бастамалары мен ұсыныстарын айтты.
Білім беру және адами капитал мәселелері жөніндегі комиссияның жетекшісі Мұрат Әбеновтің пікірінше, бүгінгі таңдағы басты сын-қатерлердің қатарында қала және ауыл оқушыларының білім сапасындағы алшақтық пен педагог кадрлардың тапшылығы бар.
Сонымен қатар оқу бағдарламаларының еңбек нарығының нақты талаптарына сәйкес келмеуі және икемді ұлттық үздіксіз білім беру жүйесін құру қажеттілігі де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осыған байланысты комиссия бұл мәселелерді қоғамдық және сараптамалық күн тәртібіне белсенді түрде шығарып, нақты шешімдер әзірлеу үшін бейінді мамандарды, жұмыс берушілерді және IT-сектор өкілдерін тартуды жоспарлап отыр. Оның ішінде заңнамалық бастамалар да қарастырылмақ.
Әлеуметтік саясат мәселелері жөніндегі комиссияның жетекшісі Ләззат Қалтаева әлеуметтік саясат адамның өмірінің барлық кезеңін қамтитынына назар аударды. Басым бағыттардың қатарында денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, тең мүмкіндіктер және ұрпақтар сабақтастығын дамыту мәселелері бар. Оның айтуынша, құрылымның жұмысы халықпен кері байланыс орнату және өңірлік тәжірибені талдау негізінде жүргізіледі. Ал оның басты өлшемі – әр адамның өміріндегі нақты оң өзгерістер болуы тиіс. Оның айтуынша, комиссияның жұмысы халықпен тұрақты байланыс орнатуға, азаматтардың өтініштерін зерделеуге және өңірлердің тәжірибесін ескеруге негізделуі тиіс.