Бұйрыққа биыл наурызда өзгеріс енген
Денсаулығы сыр берген қазақстандықтар күн сайын өз емханасына қоңырау шалып, дәрігерге жазылып жатады. Мемлекеттік емхананың тәртібіне сай, беліңіз ауырса да, қалқанша безіңіз мазаласа да, алдымен учаскелік дәрігерге барасыз. Бейінді маманға жолдаманы сол дәрігер беретіндіктен, терапевтің «бос орнын» аңдудан басқа амал жоқ. Одан кейін бейінді маманға жазылу, консультация мен диагностикалық көмекті күту – өз алдына бөлек машақат.
Бейінді мамандарға жазылу тәртібін негізінен №37 бұйрық реттейді. Толық атауы – «Амбулаториялық жағдайлардағы мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 27 сәуірдегі № ҚР ДСМ-37 бұйрығы.
Алайда бұйрық болғанымен, жүйедегі қордаланған мәселе толық шешілмеді. Сондықтан биыл Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова құжатқа бірқатар өзгеріс енгізді.
Бір қарағанда, жаңа өзгерістер науқастардың жағдайын жақсартып, медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдететіндей көрінеді. Бірақ редакциямызға шағымданған науқастың жағдайы жаңа ереженің әлі де шикі тұстары барын көрсетті. Сондықтан Azattyq Rýhy №37 бұйрыққа енген өзгерістердің қандай кемшілігі барын, оны шешудің жолдарын және медицина сарапшыларының пікірін саралап көрді.
Редакциямызға Астанада тұратын 79 жастағы зейнеткер хабарласты. Сексенге таяған кейуананың бірнеше созылмалы ауруы бар. Жуырда көзі нашарлап, дәрігерлерге қарала бастаған. «Алдымен терапевт, кейін окулист» деген квестке әбден үйренгендей, бұл жүйеге аса наразылық танытпайды. Зейнеткердің ашынатыны басқа – көзіне қажетті операцияны тегін жасату үшін кезек күту керек.
Ал бір көзіне 350 мың теңге төлесе, анализдері дайын болған бойда операция жасауға мүмкіндік бар. Яғни екі көзіне ота жасату үшін қарапайым зейнеткер 700 мың теңге төлеуі керек.
«Бұл мәселенің бар екенін бұрыннан білетінмін. Тегін диагностикадан жолдамамен өтсеңіз, айлап күтесіз. Ал ақылы жазылсаңыз, орталық бүгін-ақ орын тауып береді. Сонда бір жүйе, бірақ екі түрлі ереже ме, қалай?» – дейді зейнеткер.
Бірден айта кетейік, Денсаулық сақтау министрінің бұйрыққа енгізген өзгерістері бұл мәселені толық шешпейді. Ең алдымен терапевтке жүгіну тәртібі де сақталған. Ал бейінді маманның жоспарлы қабылдауын күту мерзімі 60 күннен аспауға тиіс, қабылдау кестесі де кемінде 60 күнге ашық тұрады.
Бір қарағанда, бәрі түсінікті сияқты. Бірақ мәселе пациенттің бейінді маманға дейінгі жолында жатыр. Неге екенін талдап көрейік.
Біріншіден, науқастың бейінді маманға қанша күн ішінде кіретіні бәрібір бірден анық емес. Кезегі бірінші күні де, елуінші күні де келуі мүмкін.
Екіншіден, кестені 60 күнге ашу бастапқы жоспарлы өтініштердің басымдығын автоматты түрде шешпейді. Қарапайым мысалмен айтқанда, бейінді дәрігерге жақын арада баруы қажет науқас та, жай ғана «тексеріліп алайын» деген адам да сол кестеге жазылады. Соның салдарынан пациентке бір айдан кейін, тіпті одан да кеш уақытқа талон берілуі мүмкін.
Үшіншіден, егер емханадағы бейінді мамандар тапшылығы шешілмесе, кестені алпыс күнге ашудың өзі кезекті қысқартпайды. Алпыс күн бұрын жазылсаңыз да, алты күн бұрын жазылсаңыз да, қабылдайтын дәрігердің саны сол қалпында қалады.
«Бейінді маманға жазылудың бұл машақатын қалай шешеміз, бұл өзі шешілетін мәселе ме?» деген сұрақты денсаулық сақтау саласындағы сарапшы Гүльнафис Жүсіпәлиеваға да қойдық. Сарапшы «әрине, болады» дейді. Тек оның тетіктерін дұрыс қолдану керек.
«Жоспарлы бейінді маманның қабылдауын күту мерзімі қазір нақты белгіленген, ол 60 күнтізбелік күннен аспауы тиіс. Ал медициналық ұйым бейінді мамандардың қабылдау кестесін медициналық ақпараттық жүйеде кемінде 60 күнге ашық ұстауы қажет. Сондықтан бүгінгі негізгі міндет – жаңа ереже енгізу ғана емес, қолданыстағы нормалардың пациент үшін нақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Меніңше, пациент емханаға келгенде өзінің маршрутын өзі іздемеуі керек. Ол «қай маманға барамын, маған жолдама керек пе және қашан қабылдауға кіре аламын?» деген үш сұрақтың жауабын бірден білуі тиіс. Бұл жерде цифрлық жүйенің мүмкіндігін толық пайдалану қажет. Бос қабылдау орындары, күту мерзімі, басқа медициналық ұйымдардағы қолжетімділік туралы ақпарат дәрігерге де, пациентке де көрінуі керек. Сонда пациент үшін «квест» азайып, медициналық көмектің нақты қолжетімділігі артады», – дейді Гүльнафис Жүсіпәлиева.
Бұйрықтағы өзгерістер биыл наурызда күшіне енді. Алайда бірнеше ай өтпей жатып-ақ жаңа тәртіпке қатысты шағымдар айтыла бастаған.
Бүгін Құрылтай отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың атына депутаттық сауал жолдаған «Әділет» фракциясының мүшесі Арман Жансеңгіров үш мыңға жуық адамның осы мәселеге қатысты шағымданғанын мәлімдеді.
«2026 жылы Денсаулық сақтау министрінің №37 бұйрығына енген өзгерістерде бірқатар жағымды жаңалықтар бар. Бейінді маман пациентті тексерулерге және әріптестеріне жіберуге құқылы, қабылдау кестелері 60 күнге жарияланады, қызмет көрсетуге уақыт нормативтері белгіленді. Бірақ дәл сол бейінді мамандарға жазылу процесі халықтың негізгі проблемасы болып қалған. Өйткені 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 2 925 шағым түсті. Олардың көбі Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстарынан және Астана қаласынан тіркелді», – деп мәлімдеді ол.
Депутаттың айтуынша, мәселенің бірі – кестені 60 күнге жариялау міндетінің бастапқы жоспарлы өтініштердің басымдығымен қатар жүрмеуі.
«Бұдан басқа, кестені 60 күнге жариялау міндеті бастапқы жоспарлы өтініштердің басымдығымен қатар жүрмейді. Бұл ресми кедергісіз бір айдан кейін, тіпті одан да кешірек талондар беруге мүмкіндік береді», – дейді Арман Жансеңгіров.
Бұйрықтағы өзгерістер неге күткен нәтижені бермеуі мүмкін екенін тағы бір сарапшыдан сұрадық. «Медициналық инвестициялық альянс» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лейла Ишбаеваның айтуынша, алты күн болсын, алпыс күн болсын, кез келген нақты мерзімнің артында жеткілікті адам және қаржы ресурсы тұрғанда ғана ол талап жұмыс істейді.
«Нормативтік өзгеріс бар. Амбулаториялық жағдайда мамандандырылған көмек көрсету қағидаларында жолдама бойынша бейінді маманның жоспарлы қабылдауын күту мерзімі 60 күнтізбелік күннен аспауы тиіс деп белгіленген. Ал учаскелік терапевт дәрігеріне жазылудың, тексерулердің және жоспарлы ауруханаға жатқызудың ең ұзақ мерзімін қолданыстағы актілерден таппадық.
Бұл мәселеге қатысты жақсы шешімнің бірі Швецияда бар. Ол елде мемлекет учаскелік терапевтпен сол күні байланысуға, үш күн ішінде дәрігердің қарауына, одан кейін бейінді маманның қабылдауы мен емнің басталуына белгіленген мерзім ішінде қол жеткізуге кепілдік береді.
Ал біздің елге келсек, қандай да бір мерзімнің артында адам мен қаражат тұрса ғана ол жұмыс істейді. Ресурссыз бұйрыққа жазылған мерзім тағы бір талапқа айналады: оны бұзғаны үшін клиника жазаланады, бірақ содан науқасқа көмек тезірек келмейді. Сондықтан біздің ұсынарымыз – учаскелік терапевт пен тексерулерді қоса алғанда, бүкіл маршрутқа мерзім белгілеу, әр ұйым бойынша нақты күту уақытын жариялау, осы мерзімдерге сай кадр мен қаржыны есептеу», – дейді сарапшы.