Қазақстанда оба қай жылдары тарады: «қара індет» бүгінге дейін қанша адамның өмірін жалмады

Автор: Асыл Арман

Оба ауруы қазақ даласына қай жылдары тарады?

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Жуырда Ресейдің Иркутск облысында оба індеті таралғаны хабарланып, 200-ге тарта адам дәрігерлердің бақылауында жатқаны белгілі болды. Оба індеті жалпы қайдан тарайды? Қазақстан аумағында бұл қауіпті ауру қай жылдары тіркелді. Azattyq Rýhy тілшісі оба індетінің тарихына шағын шолу жасап шықты.

Дәрігерлердің айтуынша, «қара індет» адамға суыр, саршұнақ, егеуқұйрық сияқты кеміргіштерден жұққан. Ал бүрге, кене секілді жәндіктер ауруды осы кеміргіштерден адамға тасымалдаған. Сонымен қатар аңшылардың суыр аулап, оның терісін сыпыруы немесе етін пайдалануы кезінде де оба жұғуы мүмкін болған.

Сонымен «қара өлім» аталып кеткен індет қазақ даласына қай кезеңдерде тарап, қанша адам келместің кемесіне мініп кетті?

Тарихқа сүйенсек, қазақ даласында ХІХ ғасырдың соңында, яғни 1899 жылы Бөкей ордасы мен Орал өңірінде тарай бастағаны айтылады. Індеттің жайлағаны белгілі болғанмен, қанша адамның өмірін жалмағаны туралы нақты деректер жоқ.

ӨТКЕН ҒАСЫРДАҒЫ КӨРСЕТКІШ

Дегенмен 1904 жылы Орал өңірінде індет қайта құтырғаны, өте жұқпалы ауру қайта тарай бастағаны айтылады. Салдарынан 416 адам ауырып, түгелімен қырылып қалған.

Ал CDC мәліметінше, 1905-1906 жылдары Нарын құмындағы «Бекетай обасынан» 659 адам ауырып, оның 621-і ажал құшқан екен.

1909 жылы Жымпиты. Яғни, қазіргі Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында оба күшейгені тарих беттерінде жазылған. Сол жылдың қорытындысы бойынша 218 адамның қайтыс болғаны туралы деректер келтіреді. Бұл аймақта індет осымен тоқтамаған. Алдағы бірнеше жылда көз жұмғандар саны аз болғанмен, ауру ошағы бірден басыла қоймаған. 1910 жылы 5 адам, 1911 жылы 54 адам, 1912 жылы 59 адам, ал 1915 жылы 56 адам «қара өлімнің» соңын құшқан екен.

1913 жыл, Есімтөбе. Жалпы Қазақстанның батыс аймақтары дәл осы жылдары індет ара-тұра құтырып тұрған заман еді. Есімтөбе – Орал өңіріндегі ауылдардың бірі. Мұнда 342 адам ауруға шалдығып, тек біреуі ғана аман қалған екен. Адамдарды жерлеуге адам жетпегендіктен, мәйіттерді өртеген деседі.

Мәліметтерге жүгінсек, 1927 жылы шыққан «Урало-Каспийский край» атты өлкетану анықтамалығында 1904-1926 жылдары Орал аймағында оба 43 рет тіркелгені жазылады. Салдарынан, жалпы саны 1585 адам ауырып, оның 1564-і қайтыс болғаны көрсетілген.

1947-1948 жылдар. Алматы облысының бүгінгі Балқаш жерінде «қара індет» тарап, салдарынан 50-ден аса адам ажал құшқаны айтылған.

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫ ДА ОБА АУРУЫ ТАРАҒАН

Оба ауруы Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін де жойылып кеткен. Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті әр жылдары оба ауруына шалдыққан науқастар тіркелгенін жазады. Мәселен, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында 1997, 1999 жылдары, Қызылорда облысында 1990, 1991, 1993, 1999, 2001, 2002 жылдары оба ауруы тіркелген.

Ал Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өңірде соңғы жағдайлар 1986, 1988, 1989, 1990, 1992, 1993 және 1997 жылдары тіркеліп, барлығы 8 жағдай болғанын хабарлайды.