Иркутск облысында 197 адам дәрігерлердің бақылауында
Ресейдің Иркутск облысында оба тарағаны туралы ақпарат тарады. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі осыған байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Денсаулық сақтау министрлігі көршілес елдегі эпидемиологиялық ахуалды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
«Қазақстанда жағдай тұрақты бақылауда, алдын алу сипатындағы қажетті шаралар қабылданды. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктерінде санитариялық-карантиндік бақылау жүргізіліп жатыр. Көліктің барлық түрінде дене қызуы жоғарылаған, ауру белгілері немесе аса қауіпті инфекцияға күдігі бар адамдар анықталған жоқ. Алдын ала бағалау бойынша, инфекцияның Қазақстанға әкеліну қаупі төмен деңгейде қалып отыр. Жағдайға баға беру және қабылданып жатқан шаралар ресми ақпараттың түсуіне қарай нақтыланатын болады», – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство Ресейге сапарлап барып келген адам денсаулығына қатысты қандайда бір күмәнді жағдай пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгінуі қажет екенін ескертті. Сол сияқты барған жері мен күндері жайлы хабардар ету қажет.
Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға текс ресми ақпарат көздеріне ғана сену керек екенін айтты.
«Қолда бар мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта ресейлік мамандар эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Қорытынды диагноз әзірге ресми түрде расталған жоқ, ықтимал жұқтыру көзі мен мән-жайлары анықталуда. Медициналық бақылауда 197 байланыста болған адам бар. Қолда бар мәліметтер бойынша, олардан ауру белгілері анықталған жоқ, зертханалық зерттеу нәтижелері теріс. Шелехов аудандық ауруханасында қажетті эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр. 4 қазанда Роспотребнадзордың баспасөз қызметі Иркутск облысында, Иркутск қаласында және Шелеховта санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін және оба ауруының жағдайлары анықталмағанын хабарлады. Иркутск облысында 28 жастағы әйелдің қайтыс болу себебі этиологиясы анықталмаған пневмония ретінде сипатталуда», – деп жазады Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі.