Тарихи жараны мойындау – өткенге байланып қалу емес, дейді тарихшы Еркін Әбіл
Қазақ халқының тарихи жадында қасіретті кезеңдер аз емес. Жоңғар шапқыншылығы, отарлау, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін секілді оқиғалар ұлт санасында терең із қалдырды. Бірақ тарихты осы қасіреттердің айналасына ғана құру қазақ қоғамының өткенін толық түсіндіре ала ма? Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек» деген сөзі осы сұрақты қайта күн тәртібіне шығарды. Өйткені қазақ тарихы тек бастан өткерген зұлматтардың тарихы емес, сол зұлматтарға жауап берген, мемлекет құрған, күрескен, бейімделген және қайта қалпына келген қоғамның да тарихы. Тарихшы Еркін Әбіл де қазақ тарихын осы тұрғыдан қарап, тарихи қасіреттермен қатар халықтың оларға берген жауабын, саяси таңдауын және жасампаздық тәжірибесін көрсету маңызды екенін айтады.
Тарихтағы қасіретті кезеңдерді ұмытпай, құрбандарды есте сақтау маңызды. Бірақ қазақ тарихын тек трагедиялар арқылы көрсету де дұрыс емес. Тарихшы Еркін Әбіл бұл тепе-теңдікті сақтаудың маңызын атап өтеді:
«Қазақ тарихына тек қасірет пен жеңілістер тұрғысынан қарау дұрыс емес. Қазақ халқының тарихында Жоңғар шапқыншылығы, отарлау үдерістері, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, соғыс сияқты аса ауыр кезеңдер болды. Оларды ұмытуға да, жасыруға да болмайды. Алайда сол трагедияларды ұлттық тарихтың негізгі әрі басты мазмұнына айналдыру да методологиялық тұрғыдан қате», - дейді ол.
Яғни қасіретті оқиғаларды айтып қана қоймай, халықтың сол қиындықтарға қалай жауап бергенін де көрсету керек. Сонда тарихтың толық бейнесі ашылады.
Еркін Әбілдің айтуынша, тарихты үнемі апаттар мен сыртқы қысымдардың тізбегі ретінде баяндау өзін ең алдымен құрбан ретінде қабылдайтын тарихи сана қалыптастыруы мүмкін.
«Үнемі апат, ашаршылық, соғыс, қуғын-сүргін, отарлау туралы ғана айту тағы бір қате түсінік қалыптастырады: қазақ халқы өз тағдырын өзі анықтамаған, тарих бойы әлдебір сыртқы күштердің әрекетінің объектісі ғана болған деген әсер пайда болады. Бұл - методологиялық тұрғыдан біржақты көзқарас. Өйткені кез келген халық тарихи үдерістің объектісі ғана емес, сонымен бірге субъектісі де болады», - деп атап өтті.
Әрине, халықтың өзі де шешім қабылдап, елін басқарды, дипломатиялық байланыс орнатты, шаруашылығы мен мәдениетін дамытты. Еркін Әбіл бұл туралы былай дейді:
«Қазақ тарихында да саяси таңдау жасаған, мемлекет құрған, соғысқан және бітімге келген, одақтас іздеген, дипломатиялық маневр жасаған, шаруашылық жүргізген, білім мен мәдениет қалыптастырған адамдар мен қауымдар болды. Керей мен Жәнібектің Қазақ хандығын құруы, Қасым хан тұсындағы хандықтың күшеюі, Тәуке хан дәуіріндегі саяси-құқықтық дәстүр, Абылай ханның дипломатиялық саясаты – осы тарихи субъектіліктің көріністері», - деп түсіндірді тарихшы.
Сондықтан тарихты оқығанда «біздің басымызға не түсті?» деген сұрақпен шектелмей, «біз не істедік, қандай шешім қабылдадық, қиындықтан қалай шықтық?» деген сұрақтарға да назар аудару маңызды. Бұл жастарға қазақ халқының тарихта өз рөлі болғанын түсінуге мүмкіндік береді.
Бір тарихи кезеңнің ішінде қасірет пен қарсылықтың, әлсіздік пен жұмылудың қатар жүруі қазақ тарихының күрделілігін көрсетеді. Тарихшы XVIII ғасырдағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» – соның айқын мысалы екенін айтады.
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама халық жадында үлкен қасірет ретінде қалды. Бірақ сол дәуірдің тарихы тек трагедиядан тұрмайды. Одан кейін қазақ қоғамының күш біріктіруі, жоңғарларға қарсы күресі, Бұланты-Білеуті және Аңырақай шайқастарындағы жеңістері болды. Демек, бір тарихи кезеңнің өзінде қасірет те, қарсылық та, бірлік те, жеңіс те бар», - деді.
Бұл мысал тарихи жадтың бір оқиғаның эмоциялық салмағымен шектелмеуі керектігін көрсетеді. Тарихшының сөзінше, қасіреттің себебін, қоғамның оған берген жауабын және кейінгі өзгерістерді бірге зерттегенде ғана тарихи тәжірибенің толық мазмұны ашылады.
Тарихи жара туралы сөз болғанда екі ұғымды ажырату маңызды: есте сақтау және сол жарамен өмір сүру. Тарихшы бұл айырмашылықты былай түсіндіреді:
«Тарихи жараны мойындау дегеніміз – болған оқиғаның ақиқатын анықтау, құрбандарды есте сақтау, себептері мен салдарын зерттеу. Ал одан арылу – болған оқиғаны ұмыту емес. Бұл өткендегі қасіреттің бүгінгі ұлттық болмысты толықтай анықтауына жол бермеу».
Еркін Әбілдің пайымынша, тарихи жарадан арылу – өткенді ұмыту емес. Керісінше, «бұл неге болды, халық ол оқиғадан қандай сабақ алып шықты?» деген сұрақтарға жауап іздеу деген сөз.
Қазақ тарихы тек соғыстар мен саяси тұлғалардан тұрмайды. Абай, Шоқан, Ыбырай сияқты ағартушылардың еңбегі, Алаш зиялыларының идеялары, ғылым мен мәдениеттің дамуы да – тарихымыздың маңызды бөлігі. Тарихшы Еркін Әбіл бұл қатарға қарапайым халықтың еңбегін де қосады.
«Қазақ тарихы – ұстаздардың, ғалымдардың, ақын-жазушылардың, өнер адамдарының, кәсіпкерлердің, қолөнершілердің, малшылар мен диқандардың, қарапайым отбасылардың да тарихы», - деді Әбіл.
Яғни халықтың тарихы тек соғыс пен күресте емес, еңбек етуінде, білім алуында, бала тәрбиелеуінде және мәдениет қалыптастыруында да көрінеді.
Тарихшы қазақтың жоқтауы мен зарлы жырларын халықтың «мұңлы» екенін көрсететін белгі деп қабылдауға болмайтынын ескерте кетті. Олар қайғыны айтып, жақынын еске алудың дәстүрлі жолы болған. Оның үстіне жоқтаумен қатар жұбату дәстүрі де қалыптасқан. Яғни қазақ мәдениеті қайғыға ортақтасып қана қоймай, оны жеңіп, өмірді жалғастыруға да жол көрсеткен.
«Жоқтау – өлім мен қазаны қабылдаудың, адамды еске алудың, қайғыны әлеуметтік ортада бөлісудің көне мәдени механизмі. Оның болуы халықтың табиғатынан пессимист екенін білдірмейді», - дейді Еркін Әбіл.
Яғни қазақ мәдениеті қайғыны айтып қана қоймай, оны еңсеріп, өмірді жалғастыруға да үйреткен.
Тарихтың қайшылығы мен күрделілігін бірге қарау маңызды. Тарихшы Еркін Әбіл де тарихты эмоцияға емес, нақты тарихи тәжірибеге сүйеніп бағалау қажет екенін айтады:
«Тарихты тек жеңістерден тұратын қаһармандық эпосқа айналдыру да дұрыс емес. Бұл жағдайда ғылыми тарихтың орнын мифология басады. Сондықтан тарихтың міндеті белгілі бір эмоцияны – мейлі ол мәңгілік мұң болсын, мейлі үздіксіз мақтаныш болсын – қалыптастыру емес. Тарихтың міндеті – өткенді себептерімен, қайшылықтарымен және салдарымен түсіндіру», - дейді Еркін Әбіл.
Мұндай көзқарас бізді өткенге байланып қалудан да, оны тым әсірелеп көрсетуден де сақтайды. Өткеннің қасіретін білу – әлсіздіктің белгісі емес, ал жетістіктерді білу – тек мақтану үшін емес. Екеуінен де бүгінге қажет сабақ алуға болады. Тарихтың құндылығы да осында.