Заң бойынша, Қазақстандағы сауда орталықтарындағы ойын алаңы бірінші қабаттан ашылу керек
Сауда орталығы десе, көпшіліктің көз алдына дүкен, кинотеатр, балалар ойнайтын алаң мен тамақтану орындары бір қабатта тұрған үлкен ғимарат елестейді. Бірақ бұл - заң бұзу екенін біріміз білсек, біріміз білмейміз. Өйткені, заң бойынша Қазақстандағы сауда орталықтары балаларға арналған ойын-сауық алаңын тек бірінші қабаттан ғана ашу керек. Бұл норма 2018 жылы жаңарып, құжатпен бекіген.
Яғни қағаз жүзінде талап анық: балалар ойнайтын алаң мен аттракцион үлкен сауда орталығының бірінші қабатынан ғана ашылу керек. Сонда мұндай норма бар болса, өңірлерді былай қойғанда, Астанадағы ірі сауда орталықтары неге заңды белшесінен басып отыр? Тіпті заң қабылданғаннан кейін барып салынған Ncity мен Jibek joly сауда орталықтары балалар ойнайтын алаңды жоғарғы қабаттан ашқан. Айта кетейік, олардың бірі 2025 жылы, ал екіншісі 2026 жылы қолданысқа берілген еді.
Azattyq Rýhy редакциясы осы сұрақты бірнеше мемлекеттік органға жолдады. Бірақ мардымды ақпарат ала алмады.
Мәселен, Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы аталған сауда үйлерінде заң бұзушылық бар екенін жоққа шығарды. Себебі оның құзыреті архитектуралық-жоспарлау тапсырмасы мен эскиздік жобаны келісумен шектелетін көрінеді. Яғни, эскиздік жобада балалар ойын алаңының үшінші немесе төртінші қабатта көрсетілуі ғимараттың заң талаптарын бұзғанын дәлелдемеген.
Бұл жағдай туралы құрылыс сарапшысы Сырлыбек Жолмағамбетовтің пікірін сұраған едік.
«Үлкен нысандағы ойын кешені немесе кинотеатр бірінші немесе екінші қабатта орналасса да ең бастысы қауіпсіздік талаптарын сақтауы маңызды. Қай қабаттан ашылса да өрт қауіпсіздігін сақтауын қадағалауымыз керек. Ондағы техника мен мамандардың қызметінің сапасына назар аударуымыз қажет. Көп елде сауда нысандары бірдей. Барлығында бірдей талап, ол – өрт қауіпсіздігі мен құрылыс қауіпсіздігі», - дейді маман.
Сырлыбек Жолмағамбетов жауапты органдар нысанның жобасын мінсіз етіп көрсеткенімен, кейін құрылыс кезінде талаптардың іс жүзінде сақталмауы кездесіп жататынын жоққа шығармады. Сондықтан, эвакуация сызбасына назар салу керек.
«Ең бастысы эвакуция есіктері, сатылар, дабыл қондырғылары болуы маңызды. Ал нысанды салмас бұрын экспертиза жүргізіледі. Қанша адамға арналған, қанша салмақты көтереді, қандай реконструкция пайдаланады. Оның барлығы жобалау кезінде қаралады», - деді ол.
Қазақстандағы талаптарды басқа елдердің тәжірибесімен салыстырсақ, балаларға арналған ойын-сауық орындарын орналастыруға қатысты тәсілдердің әртүрлі екенін көруге болады. Бір елдерде негізгі талап аттракциондардың өзіне қойылса, енді бірінде кинотеатр ғимарат ішіндегі жеке қызмет түрі ретінде қарастырылады. Кей мемлекеттерде сауда орталықтарының орналасуы мен ондағы нысандардың қызметі қала құрылысы талаптары деңгейінде реттеледі.
Яғни әр ел балалардың қауіпсіздігіне қатысты талаптарды өз ерекшеліктеріне қарай белгілейді. Соның ішінде сауда орталықтарындағы балалар ойын алаңдары, аттракциондар мен кинотеатрлардың орналасуына да әртүрлі талап қойылады.
Мәселен, әлемдегі алпауыт елдердің бірі АҚШ-та ойын алаңдары мен кинотеатрлар бір ғимаратта кездеспейді екен. Сауда орталықтары тек фудкорттар мен дүкендерге арналған. Ал кинотеатрлар жеке нысан ретінде қарастырылған. Ал балаларға арналған ойын алаңдары мен аттракциондар тек нөлдік деңгейде яғни нысандарың төменгі және жоғары қабаттарында емес, бірінші қабатында орналасуы қажет деген арнайы талап бар.
Мәселен, әлемде бала туу көрсеткіші ең төмен елдердің бірі саналатын Оңтүстік Кореяда сауда орталықтарында балаларға арналған ойын алаңы кездесе бермейді. Ал аттракциондардың өзі жабық нысандарда орналасады.
Бұл ретте балалардың көңіл көтеруіне арналған нысандар сауда орталығының барлық бөлігінде бірдей орналаса бермейтіні байқалады.
Кинотеатрлардың сауда орталықтарындағы орналасуына қатысты елдердегі талаптар да бір-бірінен ерекшеленеді.
Мәселен, Сингапурда кинотеатрлар сауда орталығының негізгі бөлігінің өзінде орналаспай, оның қосалқы бөлігінде жеке ашылатын көрінеді. Сонымен қатар кинотеатр басқа нысандардан өртке төзімді қабырғалар мен арнайы материалдар арқылы бөлінуі тиіс. Мұндай құрылым төтенше жағдай кезінде кемінде екі сағат өртке төтеп бере алады.
Балаларға арналған ойын алаңдары да барынша кең әрі ашық жерде орналасады.
Ал Жапонияда кинотеатрлар жеке нысан ретінде саналады. Сондықтан олар сауда үйлерінен бөлек жеке ғимаратта да, сауда нысанының ішінде де орналасуы мүмкін.
Ұлыбританияда балаларға арналған ойын алаңдары мен аттракциондар сауда орталығында орналасқан жағдайда қауіпсіздік талаптарына ерекше мән беріледі.
Мұндай орындарда кемінде екі эвакуация есігі болуы қажет. Сонымен қатар арнайы саты мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус орнатылуы тиіс.
Яғни балалардың ойын-сауық орындарын орналастыру кезінде олардың ғимараттан қауіпсіз шығуына мүмкіндік беретін жағдайлар да ескеріледі.
Әлемде халқы ең көп Қытайда да сауда орталықтарындағы балалар ойын алаңдарына қатысты қауіпсіздік мәселесіне басымдық беріледі.
Мәселен, Қытайда ойын алаңдарына қатысты жаңа норма қабылданған. Ол әсіресе 3-14 жас аралығындағы балаларға қатысты.
Жаңа талап бойынша ойын алаңдарындағы барлық нысандар қауіпсіздік белдігімен жабдықталуы тиіс. Бұл талап тек күрделі аттракциондарға ғана емес, қарапайым әткеншек пен сырғанақтарға да қатысты.
Балалар ойын алаңдарының көлеміне қатысты елдерде де айырмашылық бар.
Мәселен, Австралияда ойын алаңы әр балаға шаққанда 5 шаршы метр болуы тиіс деп қарастырылса, Ресейде бұл көрсеткіш 2,5 шаршы метрді құрайды.
Осылайша, балаларға арналған ойын алаңдарының қауіпсіздігі тек аттракциондардың техникалық жағдайымен ғана емес, олардың орналасатын аумағының көлемімен де байланыстырылады.
Германияда сауда үйлерінің орналасуына да белгілі бір талаптар қойылады. Олар кез келген жерде салына бермейді, арнайы белгіленген аумақтарда орналастырылады.
Яғни сауда нысанының орналасуының өзі алдын ала белгіленген талаптар мен аумақтарға байланысты болады.
Ал Үндістанда сауда орталықтарының ішіндегі кинотеатрларға қатысты тағы бір ерекшелік бар.
Сауда орталығында орналасқан кинотеатрларға кіріп-шығу үшін сырттан бөлек есік қарастырылған. Бұл кинотеатрға келушілердің жеке кіріп-шығуына және ғимараттың өзге бөліктерінен бөлек қозғалуына мүмкіндік береді.
Қазақстандағы талап балаларға арналған ойын-сауық орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ендігі мәселе - бұл талаптардың қағаз жүзінде ғана қалмай, сауда орталықтарын жобалау мен пайдалануға беру кезінде нақты ескерілуі.