Бірінің ауласын тазалап, біріне көмір түсіріп берген: «Әділет» партиясының өкілдері қарттарды қалай құттықтады

Автор: Бақыт Шынар

Олар партияның қоғамдық қабылдауына барып, өтініштерін айтқан еді

Фото: партияның баспасөз қызметі

«Әділет» партиясының әр аймақтағы қоғамдық қабылдауы – сол жердегі халықтың арыз-тілегі айтылып қана қоймай, нақты шешімін табатын жеріне айналды. Мәселен, партияның Жамбыл облысындағы филиалы қоғамдық қабылдауға жүгінген қарттардың өтініштерін қағаз жүзінде қараусыз қалдырмай, нақты шешімге дейін жеткізген, деп жазады Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

1 қазан – Халықаралық қарттар күні

Осы мерекеге орай «Әділет» партиясының Жамбыл облыстық филиалы қоғамдық қабылдау арқылы көмек сұраған қарт тұрғындардың өтініштері бойынша қандай жұмыс атқарғандарын айтып, есеп ұсынды. Есепке сенсек, бір тұрғынның үйіне су тартылып, екіншісінің ауласы тазарған. Тағы бір қарияға көмір түсіріп берген партия өкілдері басқа бір тұрғынның газға қатысты мәселесін шешкен.

«Сарысу ауданында Жаңатас қаласының тұрғыны, зейнеткер Гүлсім Тоқкұлиева күз келіп, күн суытқан кезде қоғамдық қабылдауға жүгінген. Қария партия өкілдерінен көмір алуға көмек сұраған. Өтініш қаралып, партия мүшелерінің қолдауымен қарияның үйіне 2 тонна көмір жетті», - деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.

Және ең бастысы, партия өкілдері Қарттар күні қарсаңында партия зейнеткердің үйіне арнайы барып, оны мерекесімен құттықтаған.

«Қоғамдық қабылдауға өтінішімді айтып барған едім. Мәселемнің назарға алынып, нақты көмек алғаныма қуанып отырмын. Қыс алдында үйіме көмір жетізіп берді, бұл мен үшін үлкен қолдау болды. Маған қолдау көрсеткен «Әділет» партиясының мүшелеріне шын жүректен алғыс айтамын. Қарттарды назардан тыс қалдырмай, жағдайымызға көңіл бөліп жүргендеріңізге ризамын», – деді Гүлсім Тоқкұлиева.

Құжат мәселесіне қарамастан, үйге газ тартылды

Қоғамдық қабылдауға өтінішін арқалай келген тағы бір адам –  67 жастағы Құралбай Түлеуовтан түскен. Қария тұрып жатқан үйін 2005 жылы қолма-қол ақшаға сатып алған. Алайда үйді рәсімдеу кезінде бұрынғы иесі құжаттарын толық ұсынбай, Ресейге көшіп кеткен. Соның салдарынан тұрғын үйдің құжатына қатысты қиындық туындап, қарияның үйіне газ тартылмай қалған. Құралбай Түлеуов  «Әділет» партиясының Жамбыл облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына көмек сұрай келген. Өтінішті қараған қоғамдық қабылдау қарияның үйіне газ тартқызып берген.

«Бұл мәселе мен үшін ұзақ уақыт бойы шешілмей келе жатқан еді. Партияның қоғамдық қабылдауына жүгініп, жағдайымды айттым. Өтінішім назарға алынып, нәтижесінде үйіме газ кірді. Бұл – мен үшін үлкен көмек. Көрсеткен қолдауы үшін «Әділет» партиясына алғысымды білдіремін», – деді Құралбай Түлеуов.

Жалпы, партия филиалының қоғамдық қабылдауына келген қариялардың сан қилы тағдыры, әртүрлі мәселесі болған.

Мәселен, Жуалы ауданында тұратын 96 жастағы тыл ардагері Клавдия Иванова ауласының қашасын жөндей алмай жүрген еді. Қарияның өтініші қаралып, партия өкілдері ардагердің үйіне арнайы мамандарды жіберген. 1 қазан – Халықаралық қарттар күнінде партия өкілдері ардагерді құттықтап, оның ауласындағыы жұмыстың сапасын да тексерген.

«Жамбыл ауданында жалғызбасты зейнеткер Валентина Щевакова да көмек алды. Партия мүшелері қарияның ауласын тазалап, үй алдындағы ағаш қоршауды жаңартып, оны сырлап берген. Ал Қордай ауданында 89 жастағы Евгения Бульбенко үйінің шатыры тозып кеткенін айтып,  партияның аудандық филиалының қоғамдық қабылдауына жүгінген. Қарияның өтініші қараусыз қалмай, шатыры жаңарды. Шатыры жөнделгеннен кейін партия өкілдері қарияның үйіне барып, жұмыстардың нәтижесімен танысып, оны Қарттар күнімен құттықтады», - деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.

Бұдан басқа, Шу ауданында тұратын 89 жастағы Келеке Рахимова да, Мойынқұм ауданындағы жалғызбасты зейнеткер Бақыткүл Мақұлбекова да, Тұрар Рысқұлов ауданында тұратын 74 жастағы Сейтхан Жақыпбеков те, Абай ауылында тұратын Сейтхан Дүкенбайұлы да Қарттар күнінің қарсаңында құрметке бөленді.

Баса айта кетерлігі, қоғамдық қабылдауға осындай жалғыз ілікті адамдар ғана емес, тұтас бір көшенің тұрғындары да көмек сұрай келеді екен.

«1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай «Әділет» партиясының қоғамдық қабылдауына Меркі ауданынан да өтініш түскен. Меркі ауылының Сарымолдаев көшесіндегі жалғызбасты қарттар тұратын көппәтерлі үйдің ауласында жарық жоқ болған.  Өтініш қаралып, партия мүшелерінің қолдауымен көппәтерлі үйдің ауласына жарық тартылған», - деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.

Жамбыл облысындағы бұл мысалдар қоғамдық қабылдауға жүгінген азаматтардың мәселесі нақты шешіледі дегенді білдіреді. «Әділет» партиясының қоғамдық қабылдаулары азаматтардың мәселесін тыңдап қана қоймай, оны шешудің нақты жолдарын іздеуге бағытталған. Мұндағы негізгі мақсат – тұрғынның көтерген мәселесінің мүмкіндігінше нақты нәтижеге ұласуына ықпал ету.