Бағдат Қожахметов әрбір қараған науқас үшін дәрігер немесе емхана сақтандыру қорынан белгілі бір пайызда ақша алып отыратынын растады
Бірнеше күннен бері Денсаулық сақтау жүйесінде тағы бір даулы мәселе пайда болды. Қазақстандықтарға өзі тіркелген жекеменшік медициналық ұйымның немесе мемлекеттік емхананың дәрігеріне онлайн түрде жазылып, қаралуға мүмкіндік беретін Damumed қосымшасының осы уақытқа дейін жасырып келген өтірігі әшкереленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Дәлірек айтсақ, қосымшаны әзірлеген компания немесе қосымшаның өзі емес, емдеу мекемесінің дәрігерлері жасаған жасырын әрекеттері әшкере болды.
Емхана немесе медициналық ұйым дәрігерлері қосымшаға кіріп, өз аумағына қарасты адамды өтірік қабылдауға жазып, «оны қарадым, ем-шара жасадым» деп жалған ақпарат енгізген. Қазір қазақстандықтар жаппай қосымшадағы жазбаларын тексеріп, тіпті, кішкентай балаларының өзі сан түрлі дәрігерге «қаралып» үлгергенін көріп жатыр.
Бүгін өткен онлайн брифинг барысында Azattyq Rýhy тілшісінің сұрағына жауап бере отырып, Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов әрбір қараған науқасы үшін дәрігер немесе емхана сақтандыру қорынан белгілі бір пайызда ақша алып отыратынын растады.
«Кез келген дәрігер науқасты қабылдаған кезде, егер де науқас қорда сақтандырылған болса, оның тікелей бір пайдасын көреді деп айтуға да болады. Бірақ бір жағынан, (жеке дәрігерден гөрі – авт.), медициналық көмек көрсететін орталықтың құзырындағы, яғни сол орталыққа түсетін пайда көбірек пе деп ойлаймыз. Осы сұраққа тағы да қосымша жауап береміз», - деді Бағдат Қожахметов.
Ендігі мәселе – жалған жазбалардың тарихында қабылдаған дәрігердің аты-жөні анық көрінеді. Сондықтан оларды тауып, сақтандыру қорының салымшылары есебінен өтірік жазба үшін әртүрлі мекемеге түскен 75 млн теңгені кім қайтарады (шығын сомасы 07 тамыздағы мәліметке сай айтылып отыр, тексеру барысында шығын көлемі артуы ықтимал - авт.) деген сұраққа Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі былай деп жауап берді:
«Медициналық орталықтардың есебінен қайтарылды. Жеке дәрігерлерден емес, заңды тұлғалардан қайтарылады. Осы сұраққа жауап бере отырып тағы айтарым, осылай жалған ақпарат қалдырған, науқастарды жалған тіркеуге қойған медициналық орталықтардың бұл тірлігі, менің ойымша, қылмыс істегенмен бірдей. Кез келген науқас туралы орталықтандырылған жүйеге өтірік ақпарат енген соң, Құдай сақтасын, бір күні сол науқас ес-түссіз ауруханаға түскен жағдайда, кез келген дәрігер оның жүйедегі жалған ақпаратына қарап, өзінің емдеу шарасын соған сай жүргізеді. Осының салдарынан, науқас дұрыс ем ала алмай, өміріне қауіп төнуі мүмкін».
Бағдат Қожахметовтің айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі болашақта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен бірге, адамдардың жалған еміне кеткен шығынды үш есе көп көлемде қайтарып алуға ниетті.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан