«Дәрігерлер жедел әрі дербес әрекет ете алуы керек»: «Әділет» депутаты жаңа заңға бастамашы болмақ (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы Дана Медеуова Құрылтай отырысында айтты

Фото: скриншот

Бүгін Құрылтай отырысында депутат, «Әділет» фракциясының мүшесі Дана Медеуова денсаулық сақтау министріне депутаттық сауал жолдай отырып, дәрігерлердің мәртебесіне қатысты жаңа заңға бастамашы болатынын мәлім етті, деп жазады Azattyq Rýhy.

Дана Медеуованың айтуынша, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде аурухана мен дәрі-дәрмек қана емес, медициналық кадрлар басты рөлдердің бірін атқарады. Сондықтан ол дәрігердің мәртебесін тек әлеуметтік әділеттілік мәселесі деп қарауға болмайды дейді. Өйткені, депутаттың пікірінше, дәрігерлердің жұмысы – елдің биологиялық және ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселе. Басты міндеттің бірі – дәрігерлердің мәртебесін көтеру және мамандықтың беделін нығайту екенін айта келе ол Денсаулық сақтау министрінің қарауына мына мәселелерді шығарды:

Бірінші. Еңбекақы төлеу жүйесі икемді болуы керек. Ол дәрігердің біліктілігін ескеріп, оны кәсібіне қатысы жоқ, бюрократиялық міндеттен босатуы тиіс. Дәрігер есеп-қисаптың шексіз құжатын толтырмай, науқасты емдеуі керек.

Екінші. «Дәрігер» заңмен қорғалуы тиіс. Бұл атаудың артында медициналық білім, расталған біліктілік және кәсіби қызметпен айналысу құқығы тұруы керек.

Үшінші. Кадр тапшылығына объективті баға беру қажет. Жаңа дәрігерлерді тарту ғана емес, қазір жүйеде еңбек етіп жүрген мамандарды ұстап қалу да маңызды.

Төртінші. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда дәрігерлердің жедел әрі дербес әрекет етуіне мүмкіндік берілуі тиіс. Ол үшін олардың өкілеттігі нақты айқындалып, кәсіби шешімдері заңмен қорғалуы қажет.

«Аталған мәселелерді жүйелі түрде шешу қажет. Осыған байланысты мен «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен қызметінің кепілдіктері туралы» заң жобасына бастамашылық етемін. Пандемияның бізге берген басты сабағы – медициналық жабдықты сатып алуға, дәрі-дәрмекті өндіруге де, сырттан әкелуге де болады. Ал елге қауіп төнген сын сағатта адам өмірін арашалайтын ақ халатты жандардың орнын ештеңе баса алмайды», - деді Дана Медеуова.

Оның айтуынша, білікті дәрігерді даярлауға кемінде он жыл кетсе, жүйенің кемшіліктерінің кесірінен кәсіби маманнан бір күнде айырылып қалуға болады.

«Біздің міндетіміз – дәрігерлердің төмен жалақыға байланысты мамандығын тастап кетпеуіне жағдай жасау. Білімі мен тәжірибесі ел игілігіне қызмет етуі үшін олардың еңбегін лайықты бағалауымыз керек», - деді Медеуова.