Жаңа стандарттың бес негізгі бағыты бар, дейді сарапшы
«Таза Қазақстан» қозғалысын жаңа сапалық деңгейге көтеру үшін елде тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу ұсынылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы уақыт талабы деп атап, «Таза Қазақстанның» жалпыұлттық сипат алғанын айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, жоба қоғамның бойында жаңа құндылықтар мен жауапкершілік қалыптастыруға ықпал етіп келеді.
Жаңа стандарт бес негізгі бағытты қамтиды. Олар – экологиялық ағарту, экологиялық волонтерлік, елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуы, көгалдандыру және табиғи аумақтардың тазалығы. Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров ұлттық стандартты осы бағыттар бойынша бірыңғай жүйе ретінде қалыптастыру тәсілдерін ұсынды.
Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясына 7 миллион адам қатысып, 130 мың гектар аумақ тазартылған. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Қоғамдық кеңес төрағасы Елдос Абаканов Azattyq Rýhy тілшісімен сөйлесе отырып, ұлттық стандарттың мазмұны мен оны іске асыру тетіктеріне қатысты пікірін айтты.
Абакановтың айтуынша, ұлттық стандарт ең алдымен тазалыққа қойылатын нақты талаптарды белгілеуі керек. Ол елдің барлық аумағына ортақ болып, олардың орындалу тетіктері өңірдің ерекшелігіне қарай бейімделуі қажет.
«Ең алдымен тазалықтың нақты талаптарын айқындап алу керек. Қазір әр өңірде, тіпті әр елді мекенде тазалыққа қатысты талап пен жұмыс тәсілі әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан көше, аула, саябақ, қоғамдық орындар, жол жиектері мен су айдындарының маңын күтіп ұстауға қатысты ортақ талаптар қажет. Сонымен бірге стандарт тек құжат жүзінде қалмауы тиіс. Кім жауапты, тазалау жұмыстары қаншалықты жиі жүргізіледі, оның нәтижесі қалай бағаланады – осы мәселелер нақты көрсетілгені дұрыс. Яғни біз өткізілген шаралардың санын емес, елді мекеннің нақты тазалығын бағалауға көшуіміз керек», - деді сарапшы.
Оның айтуынша, тұрғындардың таза әрі жайлы ортада өмір сүру құқығы тұрғылықты өңіріне байланысты болмауы керек.
«Меніңше, негізгі талаптар бүкіл елге ортақ болуы керек. Өйткені азамат қай өңірде тұрса да, таза әрі жайлы ортада өмір сүруге құқылы. Бірақ Қазақстанның аумағы үлкен, өңірлердің табиғи-климаттық жағдайы да әртүрлі. Мысалы, Астанада қар тазалау мен шығару маңызды болса, оңтүстік өңірлерде көгалдандыру мен суару мәселесі өзекті. Өнеркәсіптік қалаларда қоршаған ортаның жағдайына байланысты қосымша талаптар қажет болуы мүмкін. Сондықтан ортақ ұлттық талаптарды белгілеп, соның негізінде әр өңірдің ерекшелігіне сәйкес нақты тетіктерді қарастырған дұрыс», - дейді ол.
Абаканов экологиялық ағартуды тек ақпарат таратумен шектемей, адамның күнделікті өміріне қажетті дағды қалыптастырумен ұштастыру қажет деп санайды.
«Экологиялық мәдениет ең алдымен күнделікті әдеттен қалыптасады. Қоқысты кез келген жерге тастамау, өз ауласына ұқыпты қарау, қалдықтарды бөлек жинау, су мен электр энергиясын үнемдеу, табиғатқа жауапкершілікпен қарау сияқты әдеттер қарапайым көрінгенімен, қоғамның экологиялық мәдениетін айқындайтын негізгі дағдылар болып саналады. Бұл жұмысты бала кезден бастаған дұрыс. Мектепте экологияны тек теория ретінде түсіндіру аздық етеді. Бала өзі қатысып, нәтижесін көрген кезде ғана экологиялық жауапкершілік күнделікті әдетке айналады. Мектеп ауласын көгалдандыру, ағаш егу және оны бірнеше жыл күтіп-баптау, қалдықтарды сұрыптау сияқты нақты жұмыстардың тәрбиелік әсері әлдеқайда жоғары. Сонымен бірге халықтан экологиялық тәртіпті талап етсек, сол тәртіпті сақтауға мүмкіндік беретін жағдайды да жасауымыз қажет. Мысалы, қалдықтарды бөлек жинауды талап етіп, бірақ қажетті контейнерлер мен қабылдау орындарын қолжетімсіз қалдыруға болмайды. Экологиялық мәдениет жауапкершілік пен инфрақұрылым қатар жүргенде ғана қалыптасады», - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, экологиялық бастама қоғамның тазалық мәселесіне деген көзқарасына әсер еткен.
«Меніңше, ең басты өзгеріс – тазалық мәселесіне қоғам салмақты қарай бастады. Бұрын сенбілік көбіне белгілі бір күндері өткізілетін шара ретінде қабылданатын. Қазір тазалық, абаттандыру, ағаш отырғызу, қалдық мәселесі қоғамда жиі талқыланатын тақырыпқа айналды. «Таза Қазақстанның» мән-маңызы да осында жатыр. Ол тазалықтың тек мемлекеттік органдардың немесе коммуналдық қызметтердің міндеті емес екенін көрсетті. Тұрғындарға, бизнеске, жастарға, қоғамдық ұйымдарға ортақ жауапкершілік екенін ұғындырды. Әрине, экологиялық мәдениет бір-екі жылдың ішінде түбегейлі өзгермейді. Бұл - ұзақ мерзімді процесс. Бір акция өткізіп немесе белгілі бір аумақты тазалап қою арқылы адамның қоршаған ортаға деген көзқарасын бірден өзгерту мүмкін емес. Сондықтан қазір қалыптасқан қоғамдық белсенділікті сақтап қана қоймай, оны тұрақты күнделікті тәртіпке айналдыру қажет», - деді ол.
Сарапшы тазалық акциялары мен көгалдандыру жұмыстарын бағалауда сандық көрсеткіштерге ғана сүйену дұрыс емес дейді.
«Бірінші кезекте атқарылған жұмыстың кейінгі нәтижесіне назар аудару қажет. Мысалы, ағаш отырғыздық делік. Бір жылдан кейін оның қаншасы өсіп тұр? Оған кім күтім жасайды? Суару ұйымдастырылған ба? Осы сұрақтарға жауап болуы керек. Өйткені негізгі мақсат – белгілі бір күнде мүмкіндігінше көп ағаш отырғызу емес, сол ағаштардың жерсініп, өсіп, қаланың жасыл қорына айналуын қадағалау. Егер отырғызылған көшеттердің басым бөлігі кейін қурап қалса, онда атқарылған жұмыстың сандық көрсеткіші жоғары болғанымен, экологиялық нәтижесі төмен болады.
Сенбіліктерге де осы тұрғыдан қараған жөн. Бір аумақты жыл сайын қайта-қайта тазалай бергеннен гөрі, оның неліктен қайта ластанатынын анықтаған дұрыс болады. Контейнер жетіспей ме, қоқыс уақытында шығарылмай ма, әлде бақылау әлсіз бе деген мәселелердің себебін анықтап, шешу керек. Сонда сенбілік мәселенің салдарын уақытша жою емес, сол аумақты тұрақты таза ұстаудың бір бөлігіне айналады», - дейді ол.
Абаканов «Таза Қазақстан» аясындағы жұмыстарды жандандыру үшін сенбіліктердің мазмұнына да жаңаша қарауға болатынын айтты.
«Сенбіліктің форматын біртіндеп өзгерту керек деп ойлаймын. Сенбілік деген міндетті түрде барлығы жиналып, бірнеше сағат қоқыс жинау ғана болмауы тиіс. Мысалы, бір аулада тұрғындар ағаш отырғызып, кейін сол ағаштарға өздері күтім жасай алады. Мектептерде оқушылармен бірге шағын бақтар жасауға болады. Кәсіпорындар өздеріне жақын қоғамдық аумақтарды абаттандыруға атсалыса алады. Жастар арасында экологиялық жобалар мен жарыстар ұйымдастыруға болады. Тағы бір маңызды мәселе – адамдар атқарған жұмысының нәтижесін көруі керек. Егер тұрғын бүгін өзі қатысқан аумақтың бірнеше айдан кейін де таза әрі абаттандырылғанын көрсе, келесі жолы да қатысуға ынтасы болады. Адам өз еңбегінің нәтижесін көрген кезде оның жауапкершілігі де күшейеді. Сондықтан «Таза Қазақстанның» келесі кезеңінде сенбіліктердің санынан гөрі олардың сапасы мен нәтижесіне көбірек көңіл бөлген дұрыс. Адамдарды жылына бірнеше рет тазалық жұмысына шығару негізгі мақсат емес, тұрғындар өз ауласына, көшесіне және қаласына ұқыпты қарауды қалыпты қоғамдық әдетке айналдыруы керек», - дейді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Қоғамдық кеңес төрағасы.