«Әділет» партиясының қоғамдық қабылдауында көпбалалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі талқыланды

Автор: Темірхан Айжан

Сонымен қатар қабылдауда азаматтық және қылмыстық кодекстердің жекелеген нормаларына қатысты ұсыныстар айтылған

Фото: Azattyq Rýhy

«Әділет» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдау өтті. Кездесуде көпбалалы және толық емес отбасыларды әлеуметтік қолдау, балалардың балабақшаға тегін баруы, тұрғылықты жер бойынша тіркеу, несие мен сот шешімдеріне қатысты мәселелер қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қабылдауға Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен басқа өңірлерден өтініштерін арқалай 13 адам келген. «Әділет» партиясының депутаты Кендебай Адамбектің айтуынша, бүгінгі өтініштердің бір бөлігі балаларға әлеуметтік қолдау көрсетуге, енді бірі несие және сот мәселелеріне қатысты. Сот шешімдеріне қатысты өтініштердің кейбірі заңды күшіне енген. Депутат сот биліктің тәуелсіз тармағы болғандықтан, оның шешіміне араласуға болмайтынын, алайда азаматтарға құқықтық кеңес беруге мүмкіндік бар екенін айтты.

Сонымен қатар қабылдауда азаматтық және қылмыстық кодекстердің жекелеген нормаларына қатысты ұсыныстар айтылған.

«Бір жыл көлеміндегі тәжірибені зерттеп, зерделегеннен кейін арнайы құқықтық ғылыми институттар мен мамандарды тартып, дөңгелек үстел өткізу керек шығар. Себебі қазір біз бір тараптың ғана ұсынысын тыңдап отырмыз. Ал біз барлық тараптың пікірін ескеріп, қоғамға оңтайлы, халыққа тиімді шешім қабылдауымыз керек», – деді депутат.

Оның айтуынша, қозғалған мәселелердің арасында аналардың және әртүрлі баптар бойынша сотталған азаматтардың проблемалары да бар. Сондықтан оларды тек жеке өтініш ретінде емес, көп адамға ортақ мәселе ретінде қарастыру қажет.

«Қазір бізге мүдделі министрліктердің пікірін алу керек. Олардың ұсыныстарын зерделеп, содан кейін әрі қарайғы жұмысымызды айқындаймыз. Мүмкін, Құрылтай аясында жұмыс тобын құрармыз немесе депутаттық сауал жолдауымыз мүмкін», – деді Кендебай Адамбек.

Балабақша мәселесі ата-аналарды алаңдатып отыр

Қабылдауда көтерілген негізгі мәселелердің бірі - көпбалалы отбасылардың балаларын балабақшаға тегін орналастыру тәртібі болды.

Аналарды қолдау орталығының өкілі Жұмагүл Тәжібекова көпбалалы отбасылардың балабақшаға тегін баруына қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, 2025 жылдан бері тегін балабақшаға бару үшін отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуы керек. Бұл мәртебені алу үшін отбасы табысын әр тоқсан сайын растауға тиіс.

«Алматыда осы санат бойынша бұрын 4 мың бала балабақшаға тегін баратын болса, қазір олардың саны 1 мыңға дейін азайған. Бұл Қазақстан бойынша өте өзекті мәселе», – деді ол.

Тәжібекова мұндай жағдайдың отбасы бюджетіне де әсер ететінін мысалдармен түсіндірді. Оның айтуынша, сегіз баласы бар бір отбасының екі баласы балабақшаға барған. Кейін олардың бірін ата-анасы балабақшадан шығаруға мәжбүр болған. Соның салдарынан алты-жеті айдың ішінде 143 мың теңге көлемінде берешек жиналған.

Тағы бір отбасы балаларына киім алып беру үшін 52 мың теңге несие рәсімдеген. Бұл сома да отбасының табысы ретінде есептеліп, отбасы балабақша ақысын өз қаражаты есебінен төлеуге мәжбүр болған. Мәселе отбасы мүшелерінің табысын есептеу тәртібіне де байланысты. Тәжібекованың айтуынша, мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана алған отбасының кәмелетке толған балалары оқуын аяқтап, басқа қалада өз алдына тұрып жатса да, олардың табысы отбасының жалпы кірісіне қосылуы мүмкін.

«Қазақстанда 11 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйым бар. Онда 934 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Мемлекеттік балабақшаларға шамамен 454 мың бала барады. Көпбалалы отбасылардан осы санатқа жататын балалардың саны шамамен 42 мың болса, қазіргі талап бойынша олардың 7 мыңға жуығы ғана тегін балабақша алу мүмкіндігіне ие», - деді ол.

Әлеуметтік қолдау бергенде толық емес отбасылар да ескерілуі қажет

«Әлеуметтік навигатор» қоғамдық қорының жетекшісі Куляра Маненова балаларға берілетін әлеуметтік көмекке қатысты тақырыпқа тоқталды. Оның айтуынша, отбасында бес бала болса, олардың бірі 18 жасқа толып, студент атанған кезде анасы көпбалалы отбасы мәртебесінен айырылуы мүмкін. Соған байланысты кейбір жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер де тоқтайды.

Маненова әр балаға туғаннан бастап 18 жасқа дейін ай сайын 21 мың теңге төлеу туралы ұсынысын айтты. Оның пікірінше, мұндай тәсіл әлеуметтік көмекті рәсімдеу кезіндегі бірқатар талап пен қосымша рәсімді азайтуға мүмкіндік береді.

Қор жетекшісі толық емес отбасыларға қатысты мәселелерді де атап өтті. Оның сөзінше, ажырасқан әйелдер, жалғызбасты аналар және балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған ата-аналар да күнкөріс үшін жұмыс істеп, отбасын қамтамасыз етуге тырысады. Сондықтан әлеуметтік қолдау тетіктерінде олардың жағдайын да ескерген жөн.

«Егер толық емес отбасылардың саны миллионнан асса, бұл мәселені елемеуге болмайды. Жалғыз өзі бала тәрбиелеп отырған анаға табысын арттыру оңай емес. Ол – баласын тәрбиелеп отырған ата-ана ғана емес, салық төлейтін азамат», – деді Маненова.

Тұрақты тіркеудің болмауы да қиындық туғызады

Семейлік көпбалалы ана Анар Сүлейменова әлеуметтік қолдау алуға байланысты тұрғылықты жер бойынша тіркеу мәселесін көтерді.Оның айтуынша, жеке баспанасы жоқ азаматтар үшін тіркелген мекенжайдың болмауы бірқатар мемлекеттік қызметті алу кезінде қиындық туғызады. Мысалы, мүгедектік рәсімдеу, кезекке тұру немесе жәрдемақы алу кезінде тіркеу мәселесі адамның алдынан шыға береді.

«Егер олардың жеке баспанасы болмаса, қайда тіркеледі? Әркімнің туысы немесе көршісі оны тіркеуге қоя алмайды», – деді ол.

Сүлейменова бұл мәселені әлеуметтік қолдаудың жалпы жүйесімен байланысты қарастыру керектігін айтты. Оның пікірінше, баласын жалғыз тәрбиелеп отырған ата-ананың жынысына қарамай, барлық отбасының жағдайын ескеретін тәсіл қажет.

Қабылдау қорытындысында Кендебай Адамбек әлеуметтік көмек азаматтың жағдайы мен қажеттілігіне қарай көрсетілгені дұрыс екенін атап өтті. Оның айтуынша, көтерілген мәселелер бойынша тиісті министрліктердің ұстанымы зерделеніп, одан кейін әрі қарайғы жұмыс бағыты айқындалады.

«Мұнда келіп отырған адамдар еріккеннен келген жоқ. Сондықтан бұл мәселенің оңтайлы шешімін табуға тырысамыз. Өз бақылауымызда ұстаймыз, жолда тастамаймыз. Халық бізден жай ғана бір ауыз сөз емес, нәтиже күтіп отыр», – деді депутат.