Ерекше қажеттілігі бар балалардың аналары «Әділет» партиясының қолдауымен оңалту орталығын ашты
Қызылордада елуге жуық анасы өз күшімен толыққанды оңалту орталығын ашып жатыр. Төрт жыл бойы тек ата-аналардың күш-жігеріне сүйеніп келген бастамаға «Әділет» партиясының облыстық филиалы қолдау көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл аналардың бәрі ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отыр.
Қала тұрғыны Айжан Смағұлова бірнеше жылдан бері өзге де аналармен бірге церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту жұмысын ұйымдастырып келеді. Олар ұзақ уақыт түрлі ғимаратты жалға алып, Астанадағы тәжірибелі дәрігер-реабилитологтарды өз қаражаты есебінен шақырып келген еді. Тіпті олар мамандардың ұшу және жүріп-тұру шығындарын да өздері өтеді. Ал жуырда жергілікті кәсіпкер Қазына Байтуғанова оларға кең ғимаратты тегін ұсынды.
Аналар өз күшімен қабырғаларды әктеп, жөндеу жұмысын жүргізді. Алайда жиһаз бен арнайы жабдықтар сатып алатын қаражат қалмады. Олар осы мәселе бойынша «Әділет» партиясының қоғамдық қабылдау алаңына жүгінді.
«Ғимаратты өзіміз жөндедік. Алайда кабинеттерді тренажерлермен жабдықтауға қажет қаражатымыз жоқ. Онсыз да отбасылар балаларды емдеу және күтім жасау ісіне көп шығындалады. Сондықтан көмек сұрап келіп отырмыз», – деді Айжан Смағұлова.
«Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, құқықтық қызмет көрсету орталығының жетекшісі Дәулет Ізбасарұлы және облыстық Балалар құқығын қорғау басқармасының басшысы Ерлан Бакиров жұмыс көлемін бағалау үшін болашақ орталыққа барды.
«Біз бұл мәселені бір отбасының өтініші ретінде емес, тұтас қоғам үшін маңызды әлеуметтік міндет ретінде қарастырамыз. Орталықты заң талабына сай ресімдеуге, мемлекеттік гранттарға қол жеткізуге көмектесеміз және демеушілер тартуға атсалысамыз», – деді Жандос Базартай.
Мамандар мекемені ресми тіркеуден өткізу жұмысын бастап кетті. Бұл қадам болашақта орталыққа тұрақты мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Іс жүзінде алғашқы көмек те көрсетілді. Дәулет Ізбасарұлы ғимаратты тазалауға және жаттығу жасауға арналған поливалентті төсеніштерді сатып алуға қажет қаражат бөлді. Сонымен қатар ғимараттың қасбетіне маңдайша жазуы тегін орнатылады.
Бұдан бөлек, қазан айының ортасында қалада қайырымдылық концертін өткізу жоспарлануда. Концерттен түскен барлық қаражат оңалту тренажерлерін сатып алуға жұмсалады. Орталық толық жабдықталып, өз жұмысын бастағаннан кейін Қызылордадағы ерекше қажеттілігі бар 100-ге жуық бала тұрақты түрде әрі жайлы жағдайда аса маңызды терапия ала алады деп болжанып отыр.