Университет ішінара қашықтан оқу форматына ауысқан
Әлеуметтік желіде Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу институтының студенттері жазған ақпарат желдей есіп жатыр. Жазба авторларының айтуынша, оншақты адамнан туберкулез табылған. Azattyq Rýhy редакцияға пікір білдірген университеттің баспасөз қызметі туберкулездің тарағаны рас, алайда, желіде жазылғандай он адамнан емес, тек үш адамның ауырғаны рас дейді.
«Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ әлеуметтік желіде таралған ақпаратқа төмендегіні хабарлайды. Қазірге дейін үш адамнан туберкулез диагнозы расталды. Он адамның ауырғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», - деп хабарлады университеттің баспасөз қызметі.
Бұл ретте дереккөз осы үш адам бір-бірімен араласпағанын, яғни, «жаппай туберкулез жұқты деуге негіз жоқ» екенін алға тартып отыр.
«Эпидемиологиялық тексеру нәтижесінде аталған жағдайлардың өзара байланысы жоқ екені анықталды. Науқастар бір-бірімен байланыста болмаған. Олардың екеуі басқа өңірден келген, біреуі жергілікті тұрғын», - деп мәлімдеді университет.
Қазір дәрігерлер мен санитариялық-эпидемиологиялық қызмет диагнозы расталған адамдармен байланыста болған студенттерді және университет қызметкерлерін тексеріп жатыр.
«Осы жұмыс аяқталғанша жекелеген топтар уақытша қашықтан оқыту форматына ауысады. Жақын байланыста болған адамдар мамандардың ұсынымдарына сәйкес 14 күн бойы медициналық бақылауда болады», - деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметі.