Қазақстанның IT-экспорты 7 жылда 38 есеге өсіп, 1 млрд доллардан асты

Автор: Темірхан Айжан

Ғарыштық технологиялар экспорты нөлден 70 млн долларға дейін өсті 

Фото: Freepik

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен соңғы жеті жылда Қазақстанда цифрлық трансформация қарқын алып, ел технологиялық дамудың жаңа кезеңіне өтті. 2019-2026 жылдар аралығында электронды үкімет, интернет инфрақұрылымы, цифрлық мемлекеттік қызметтермен қатар, IT және ғарыштық технологиялар экспорты бойынша да негізгі көрсеткіштер өсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Қазақстан электронды үкіметтің даму деңгейі бойынша БҰҰ-ның 193 елді қамтитын рейтингінде 39-орыннан 24-орынға көтерілді. Осы кезеңде IT-экспорт көлемі 38 есеге артып, 30 млн доллардан 1,142 млрд долларға жетті. Оның ішінде Astana Hub көрсеткіші 633 млн долларды құрады. Ғарыштық технологиялар экспорты нөлден 70 млн долларға дейін өсті.

Цифрлық инфрақұрылым бойынша да өсім байқалады. Интернетпен қамту деңгейі 84%-дан 98%-ға дейін артса, орташа интернет жылдамдығы 21 Мбит/с-тан 88-94 Мбит/с-қа жетті. Сонымен қатар елде бесінші буын – 5G байланысын енгізу жұмысы жалғасып жатыр.

Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру деңгейі 80%-дан 91%-ға дейін өсті. Қазіргі таңда цифрлық мемлекеттік қызметтердің 96%-ы смартфон арқылы қолжетімді. Қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі де айтарлықтай ұлғайған. 2019-2026 жылдар аралығында көрсеткіш 13,3 трлн теңгеден 186,3 трлн теңгеге дейін өсіп, 14 есеге артты.

Осылайша, цифрландыру Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшірумен ғана шектелмей, экономикалық өсімнің, технологиялық құзыреттерді дамытудың және отандық IT өнімдерін сыртқы нарыққа шығарудың маңызды бағытына айналып келеді.