«Айқайлап» тұрған атауынан басқа түгі жоқ»: президент мемтапсырысты игеру үшін ғана құрылған ұйымдарды сынады

Автор: Бақыт Шынар

Тоқаев енді консультативтік-кеңесші органдардың жұмысын үйлестіруді Қазақстан Халық кеңесіне жүктеді

Фото: Ақорда

Бүгін Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев тек қағаз жүзінде тіркелген ұйымдардың қызметін сынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

«Маған бірқатар республикалық қоғамдық бірлестіктің тек қағаз жүзінде тіркелгені, шын мәнінде, «айқайлап» тұратын атауларынан басқа түгі жоқ, жалған құрылымдар екені баяндалды. Мұндай ұйымдар азаматтар мүддесін қорғау үшін емес, басқа пиғылда, берісін айтсақ, мансапқорлық мақсатта құрылғаны анық. Бұл кейбір жағдайда алаяқтыққа дейін жетті. Оған жол беруге болмайды. Сондықтан мұндай фактілер құқық қорғау органдарының назарына жолданады. Тек мемлекеттік тапсырысты игеру мақсатында құрылған «қызмет көрсету» ұйымдарының жұмысына тосқауыл қою қажет», - деді Тоқаев.

Сондықтан президенттің айтуынша, Халық Кеңесі қоғамға ұйытқы болуға тиіс.

«Елімізде көптеген консультативтік-кеңесші орган бар, алайда басым бөлігінің қызметі шашыраңқы, бір-бірін қайталайды. Олардың жұмысын үйлестіріп, сараптамалық әлеуетін біріктіру және келіп түскен ұсыныстарды жүйелеу Халық Кеңесіне жүктеледі», - деді жаңа ұйымға жаңа тапсырма берген президент.