«Туристік Қамқорға» былтыр 980 шағым түскен: сарапшы аккредиттеу енгізу жөніндегі депутаттың ұсынысын қолдады

Автор: Махан Миражан

Бұл туралы «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының төрайымы Инна Рей айтты 

Фото: ЖИ

Бүгін Құрылтай отырысында «Әділет» фракциясының депутаты Константин Петров Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің атына депутаттық сауал жолдап, жастарды шетелге апаратын компаниялардың жауапкершілігі туралы сөз қозғаған еді. Дәлірек айтсақ, «Әділет» депутаты жастарды шетелге жіберетін туристік және білім беру агенттіктеріне мемлекеттік аккредиттеу енгізуді ұсынды. Өз сөзінде депутат қазақстандық жастарды АҚШ апаратын Work and Travel бағдарламасына қатысты жуырда болған шуды мысал етті. Айта кетейік, осы қысқа мерзімді бағдарлама арқылы Америкаға барған 200 студент алданып, қиын жағдайға тап болған еді. Сондықтан, бүгінгі депутаттық сауалында Петров делдалдардың қызметін заңмен реттеп, азаматтарды қорғау үшін резервтік қор немесе міндетті сақтандыру енгізуді ұсынған болатын.

Осы мәселеге қатысты Azattyq Rýhy редакциясы «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының төрайымы Инна Рейден сұхбат алып, оның пікірін білді. Инна Рей «Әділет» фракциясының депутаты Константин Петровтің сөзі шын екенін, сондықтан оның аккредиттеуге қатысты ұсынысы дұрыс екенін айтты. 

«Елімізде туристерді жосықсыз компаниялардан қорғайтын жүйе жұмыс істейді. Ол үшін шетелге шығар алдында компаниядағы туристік кодтың бар-жоғын тексеру қажет. Туристік код болған жағдайда, келісімдердің орындалуын кепілдендіру жүйесі арқылы бақылауға және қорғауға құқығыңыз бар. Ал бұл жағдайда олар заңды түрде жұмыс істемейтін компанияға жүгінген. Ол компания кепілдендіру қорына кірмейді. Негізінде, заң бойынша туроператорлар осы жүйеге қатысып, қордың мүшесі болуы тиіс. Бірақ олар осы талаптарды білмегендіктен, осындай жағдайға тап болған», - дейді ол.

Яғни, сарапшының пікірінде депутат айтқан ұсыныстар туристердің құқығын қорғауда көп мүмкіндік береді. 

«Заң туристерді қорғауға мүмкіндік береді. Заңды жетілдіруге, толықтыруға және бақылауды күшейткен де дұрыс. Себебі әлі күнге дейін бізге әртүрлі мәселелер бойынша күнделікті шағым түседі. Алайда олардың мәселелерін шешуге тырысамыз.  Егер турист заң талаптарына сәйкес жұмыс істейтін туроператордың қызметін пайдаланса, мемлекет оның құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Ал кепілдендіру жүйесіне қатысушылар өз әрекеттерінің салдарына жауап береді. Егер туроператор өз міндеттемелерін орындамаса, қор осы міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етеді», - деді қор төрайымы.

Инна Рейдің сөзінше, қорға өткен жылы 980-ге жуық шағым келіп түскен. Олардың барлығы заңсыз жұмыс істеген тур операторларға қатысты жағдай.

«Сондықтан шетелге шықпас бұрын бізге хабарласуға кеңес беремін. Қордың сайтына кіріп, мобильді қосымшамызды жүктеп алуға болады. Сол жерден туристік компания туралы ақпаратты тексеруге мүмкіндік бар. Ол үшін біздің сайтқа кіріп, аталған компанияның туристерді кепілдендіру жүйесіне қатысушылар тізімінде бар-жоғын тексеру қажет. Осылайша, компанияның заңды түрде жұмыс істейтінін алдын ала анықтауға болады», - деп түсіндірді «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының төрайымы.