Елдегі тұңғыш балалар телеарнасының YouTube-тегі қараламы 1,5 млрд қаралымнан асқан
Бірнеше күннен кейін Қазақстандағы тұңғыш әрі жалғыз балалар телеарнасының ашылғанына 16 жыл толады. Биыл телеарна кішкентай көрермендеріне арналған жобаларына жасанды интеллект құралдарын енгізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Биыл ашылғанына 16 жыл толған «Balapan» телеарнасы балаларға арналған контент әзірлеуде заманауи технологиялардың мүмкіндігін кеңінен пайдаланып келеді. Жасанды интеллект көмегімен қазақ ертегілерін экранға бейімдеп, анимациялық сериалдар мен танымдық жобаларды да жаңа форматта ұсынып отыр.
Мәселен, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының «Асыл мұра» аудиожинағына енген қазақ халық ертегілері мен жас қаламгерлердің шығармалары ЖИ көмегімен анимацияланды. Ал «Кел, балалар, оқылық!» жобасы цифрлық технологиялардың қыр-сырын кішкентай көрерменге түсінікті тілмен таныстырады.
Қазір әзірленіп жатқан «Тұлпарлар. Құтқару жасағы» мультхикаясында тұлпарлар робот бейнесінде көрініп, ұлттық кейіпкерлер заманауи сипатқа ие болады. Ал баланы кітап оқуға қызықтыруды көздейтін «Кітаптар патшалығы» жобасы да жасанды интеллект көмегімен өндіріліп жатыр. Осылайша жаңа технологиялар қазақ ертегісі мен ұлттық кейіпкерлерді өскелең буынға насихаттаудың бір құралына айнала бастады.
Балалар арнасының ерекшелігі сол – көрермені үнемі жаңарып отырады. Ал көрерменмен бірге «Balapan»-ның өзі де түрленіп келеді. Өйткені кішкентай көрерменнің көңілінен шығу – жаңа форматтар мен тың идеяларды қажет етеді. Балаларға арнап контент жасау – сырт көзге қарапайым көрінуі мүмкін. Ал шын мәнінде, баланың назарын аудару оңай емес. Көрерменнің неге елең ететінін, нені түсінгісі келетінін және қандай кейіпкерді жақын қабылдайтынын үнемі зерттеу керек.
Арна директоры Мақпал Үкенованың айтуынша, «Balapan» 16 жыл ішінде 179 анимациялық жоба әзірлеген. Бұдан бөлек, бағдарламалар, толықметрлі мультфильмдер мен телехикаялар бар. Бірі баланың қиялын ұштап, жаңа дүниені танытса, енді бірі күнделікті өмірге қажет дағдыларды үйретуге бағытталған.
Мәселен, биыл эфирге шығатын «Әл-Фараби. Уақыт кілті» мультсериалы балаларды ғылымға, ізденіске және сыни ойлауға баули отырып, ұлы ойшылдың «Қайырымды қала» идеясын таныстырады. Ал «Құмай тазы. Жаңа достар» жобасы қазақы тазыны балаға қызықты оқиғалар арқылы танытуды көздейді.
Ұлттық мұраны кішкентай көрерменге жақындатудың бір жолы – оны қызық оқиғаға айналдыру. Ал күнделікті өмірге қажет дүниелерді балаға түсіндірудің де өз тәсілі бар. Ақшаны қалай жұмсаған дұрыс? Жинаған қаражатты бірден жаратып қоймау үшін не істеу керек? «Теңгетай» жобасы осындай қарапайым сұрақтар арқылы ақша үнемдеуді, жинауды және еңбекті бағалауды үйретеді.
Балаларға арналған кино өндірісі де «Balapan»-ның негізгі бағыттарының біріне айналды. Арна ашылғалы бері 30 телехикая мен ситком көрерменге жол тартты. Биыл түсірілген «Чемпион» телехикаясы салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, достық, жауапкершілік пен табандылық секілді ізгі қасиеттерді насихаттайды.
«Balapan»-ның көрермені бүгінде теледидармен шектелмейді. Арнаның YouTube каналының аудиториясы 2,6 миллионнан асса, бейнематериалдарының жалпы қаралымы 1,5 миллиардтан жоғары. Сонымен қатар телеарна Қырғызстан мен Моңғолия аумағында да таралады.
Телеарнаның 16 жылдық тарихында 500-ге жуық бала жүргізуші, телеэкранға шықты. Бүгінде сол балалардың арасында өнер, журналистика секілді түрлі салада танылып жүргендері бар.
«Balapan» биылғы туған күніне орай «Шарықта, Balapan» концертінде 400-ден аса жас өнерпаздың басын қосты. Тараз, Алматы, Қарағанды мен Семейден келген балалар үлкен сахнада өнер көрсетіп, «Айгөлек», «Әрқашан күн сөнбесін», «Жалқаубек», «Қуырмаш», «Ақ көгершін» сияқты көпшілікке таныс әндерді орындады. Бірнеше буынның жадында қалған әндердің бүгінгі балалардың орындауында қайта жаңғыруы – өнердің уақытпен бірге жалғасып келе жатқанын көрсетеді.
Бүгінде «Balapan»-ның Желаяқ, Ақжелкен, Тоқты мен Серке, Жібек, Сәбилер, Әли мен Ая, Көжектер көрермен көзайымына айналған кейіпкерлері бар. Ендігі міндет – осы әлемді жаңа кейіпкерлермен толықтырып, бүгінгі баланың қызығушылығына сай контент ұсыну. Кішкентай көрермендер ертең есейіп, осы кейіпкерлерді өз балалық шағының бір бөлшегі ретінде еске алса, «Balapan»-ның еңбегі зая кетпегені.