Жастарды шетелге жіберетін делдалдар тиісті деңгейде бақыланбайды: «Әділет» депутаты оларды ресми тіркеуді сұрады

Автор: Темірхан Айжан

Олардың ашық тізімін құру керек 

Фото: скриншот/quryltairesmi

«Әділет» партиясының депутаты Константин Петров шетелге жастарды тағылымдамаға және алмасу бағдарламаларына жіберетін туристік әрі білім беру агенттіктеріне мемлекеттік аккредиттеу енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл ретте депутат жуырда АҚШ-қа барып, далада қалған студенттердің мәселесін еске алды. 

«Жақында Work and Travel бағдарламасымен АҚШ-қа барған 200 қазақстандық студенттің бағдарламаны ұйымдастырушылардың алаяқтығы салдарынан шетелде қиын жағдайға тап болуы, сондай-ақ Ақтөбеде ондаған адамның жалған турларды рәсімдеумен айналысқан псевдофирманың құрбаны болып, атына несие рәсімдетуі туризм саласы мен жастар алмасу бағдарламаларын реттеуде елеулі проблемалар бар екенін көрсетті. Мемлекет басшысы «Заң және тәртіп» қағидатын мүлтіксіз сақтау, алаяқтықтың кез келген түрін қатаң тоқтату, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Бұл мәселе тұтынушылардың құқықтарын сенімді қорғауға және қызмет көрсету нарығында тәртіп орнатуға бағытталған «Әділет» партиясының 2026-2031 жылдарға арналған бағдарламалық басымдықтарымен тікелей үндеседі», - деді ол.

Оның айтуынша, туризм саласы мен жастар алмасу бағдарламаларын ұйымдастыратын делдалдардың қызметін реттеу мәселесін қайта қарау қажет. Депутат халықаралық тәжірибеде мұндай бағдарламаларға қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған талаптар бар екенін атап өтті.

«АҚШ-та жастар алмасу бағдарламалары, оның ішінде Summer Work Travel бағдарламасы BridgeUSA жүйесі арқылы федералдық деңгейде қатаң реттеледі. Бұл бағдарламаларға қатысушыларды қабылдау құқығы АҚШ Мемлекеттік департаменті аккредиттеген демеуші ұйымдарға ғана беріледі. Олар бағдарлама қатысушыларын медициналық сақтандырумен қамтамасыз етуге, тәулік бойы жұмыс істейтін жедел байланыс желісін ұйымдастыруға және қабылдаушы жұмыс берушілерді алдын ала тексеруге міндетті. Еуропалық Одақта Пакеттік турлар және байланысты туристік қызметтер туралы директиваға (Directive (EU) 2015/2302) сәйкес, сапардың барлық кезеңіне ұйымдастырушы жауап береді. Қызметтердің жекелеген түрлері шетелдік қосалқы мердігерлер арқылы көрсетілген жағдайда да ұйымдастырушының жауапкершілігі сақталады. Еуропалық Одақ заңнамасы міндетті кепілдіктер мен өтемақы қорларының болуын талап етеді. Компания банкротқа ұшыраған немесе дағдарыстық жағдай туындаған кезде осы қаражат есебінен азаматтарды шұғыл түрде елге қайтару және олардың қаражатын толық өтеу қамтамасыз етіледі», - деді ол.

Константин Петров Қазақстанда жастарды шетелге тағылымдамаға және алмасу бағдарламаларына жіберетін делдалдардың қызметін бақылау аз деп санайды.

«Өкінішке қарай, Қазақстанда жастарды шетелге тағылымдамадан өтуге және түрлі алмасу бағдарламаларына жіберетін делдалдардың қызметі тиісті деңгейде лицензияланбайды және бақылауда жоқ», - деді ол.

Осыған байланысты депутат бірнеше ұсынысын атады.

«Шетелде тағылымдамадан өту және алмасу бағдарламаларын ұйымдастыратын туристік және білім беру агенттіктеріне қойылатын талаптарды әзірлеп, енгізуді, олардың міндетті түрде мемлекеттік аккредиттеуден өтуін және шетелдегі ресми танылған қабылдаушы ұйымдармен тікелей шарт жасасуын қамтамасыз етуді ұсынамыз», - деді ол.

Оның сөзінше, аккредиттелген операторлардың ашық тізілімін құрып, азаматтарға шарт жасаспас бұрын компанияның заңдылығын тексеруге мүмкіндік беру қажет.

Бұдан бөлек, депутат халықаралық сапарларды ұйымдастырушыларға резервтік қор құруды немесе компания банкротқа ұшыраған жағдайда азаматтарды шұғыл эвакуациялау шығындарын жабатын сақтандыру рәсімдеуді міндеттеуді ұсынды.