Ол жаңа Конституцияда мәдениет, білім, ғылым, инновация құндылығы ерекше аталып өткенін қозғап өтті
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дихан Қамзамбекұлы жастарды ғылым, инженерия және технология салаларына көбірек тарту үшін бірқатар ұсыныс жасады. Осыған байланысты Құрылтай отырысында мәдениет және ақпарат министрі мен оқу-ағарту министріне депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат сөз басында жаңа Конституцияда мәдениет, білім, ғылым, инновация құндылығы ерекше аталып өткенін қозғап өтті.
«Бүгінде ғылым мен инновация – жаңару мен елді танытудың маңызды тетігі. Ата заңда айшықталған құндылық пен басымдық енді өміріміздің мәніне, өзегіне айналуға тиіс. Өкінішке қарай, бүгінгі жасөспірімдер мен жастардың біршама бөлігі қайбір байыпсыз блогер мен кереғар коучке еліктейтіні, тіпті көп тер төкпей-ақ мол қаржы табуға сенетіні байқалады. Бұл – дана Абай сынаған «бес дұшпан істің» бастауы. Еліміз «Әділет!» деп жаңарғанда, бұрынғы-кейінгі тоғышарлыққа, орынсыз еліктеп-солықтауға жол жоқ!» – дейді Құрылтай депутаты.
Сөзін жалғай отырып, президент айтқан озық ойлы ұлт жақсы әрі жауапты оқитын баладан, сол баланың екі есе жауапты ата-анасы мен мұғалімінің маңдай терінен қалыптасатынын қозғап өтті.
«Әрине, кәсіптің жаманы жоқ. Алайда дәл қазір елімізге инженерлік, технологиялық ой, ізденіс, өнертабыс ауадай қажет. Сөз жоқ, рухани жетілу ұмытылмайды. Тереңірек қарасақ, Тәуелсіздіктің өзі – мәдени қазына, адастырмас темірқазық. Біз бүгін ХХ ғасырдың бас ширегіндегі инженер Мұхамеджан Тынышбайұлы, медик-биолог Халел Досмұхамедұлы, математик Ибадулла Ақбергенұлы, кеңес кезеңіндегі академиктер – инженер Қаныш Сәтбаев, энергетик Шапық Шөкин, микробиолог Мұрат Айтқожин, осы күннің академиктері – антрополог Оразақ Ысмағұлов, математик Мұхтарбай Өтелбай сынды жүздеген тұлғаларды мектеп оқушысынан университет студентіне дейін үлгі ете білуіміз керек. Мысалы, соңғы аталған қос абыздың толассыз ғылыми табысы мен отаншылдығы жастар түгілі, үлкендерге де өнеге дер едік. Осы күні қоғамға пайда әкелетін ақыл-ой мен білім-білік қорын «адам капиталы» дейміз. Бізде ол болған және бола да береді. Тек ыждағат пен жүйелі іс үзілмегені жөн», – дейді Дихан Қамзабекұлы.
Сөз арасында еліміздің ақыл-ой қорына өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлғаларды білім жүйесінің бар сатысынада үлгі ету мәселесін қозғай отырып, бұл мемлекетшіл тұлғатанудың мәні мен мақсаты екенін атап өтті.
Сөз соңында депутатқа Үкіметке бірқатар ұсынысын жеткізді: