Қыркүйек басталғаннан бері Қазақстанда тұмау жұқтырған бір де бір адам тіркелген жоқ – ДСМ

Автор: Бақыт Шынар

Бірақ 51 мыңнан астам адам жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтырған екен

Фотоколлаж: ЖИ арқылы жасалған, Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Биыл күз басталғаннан бері Қазақстанда 51 937 адам жедел респираторлық вирустық инфекциясын жұқтырған. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда екі есе аз көрінеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл мәліметті бүгін, 18 қыркүйек күні Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған. Осы аралықта елімізде тұмау жұқтырған бір де бір адам тіркелмепті. Министрлік жұқпалы вирустарға қатысты мәліметті апта сайын жаңартып отырады.

«Қыркүйек айының басынан бері елде 51 937 адам жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтырған. 2026 жылдың басынан бері 87 адам COVID-19 жұқтырған. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,3 есеге аз. Бүгінгі таңда тұмау жұқтырған адамдар туралы мәлімет тіркелген жоқ», - деп хабарлайды ДСМ.

Министрлік Қазақстанда басқа шығу тегі белгісіз жаңа вирустар тіркелмегенін еске салып отыр.