«Бәріне ортақ лифтіні меншіктеп алған»: Астанада 78 жастағы қария «Әділет» партиясына жүгініп, мәселесін шешті

Автор: Махан Миражан

«Әділет» партиясы мәселенің шешімін тапты

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Астанада 78 жастағы қарияның үйіндегі лифтке кіретін жолды тұрғындардың бірі заңсыз қоршап алған. Ақсақал «Әділет» партиясының қалалық филиалы жанындағы қоғамдық қабылдауға жүгінгеннен кейін шешімін тапты, деп жазады Azattyq Rýhy.

Абылайхан даңғылы, 39 мекенжайында тұратын Алпысбай Жүсіповтың айтуынша, үйдің екінші қабатында орналасқан лифтке шығатын алаңды тұрғындардың бірі қоршап алып, жеке пайдаланған. Қоршалған аумаққа түрлі тұрмыстық заттар қойылып, шағын құрылыс басталған еке. Сонымен қатар кіреберіске есік орнатылып, өзге тұрғындардың өтуіне шектеу қойылған.

Қария бұрын бұл мәселеге аса мән бермегенін айтады. Себебі денсаулығы жақсы кезінде баспалдақпен жүріп-тұруға шамасы жеткен. Кейін жұбайынан айырылған соң инсульт алып, денсаулығы сыр берген. Соның салдарынан баспалдаққа түсіп-шығуы қиындап кеткен. Сондықтан, Алпысбай Жүсіпов бұған дейін Пәтер иелерінің кооперативі мен әкімдікке жүгініп, мәселені шешуді сұраған. Алайда оның айтуынша, бұл өтініштерінен нәтиже болмаған. Осыдан кейін ол «Әділет» партиясының Астана қалалық филиалы жанындағы қоғамдық қабылдауға барған.

Қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Айсұлу Мақашева тұрғынның өтінішін қарап, жағдайды жергілікті жерде зерделеген. Мәселені анықтауға қалалық әкімдік пен Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мамандары да тартылған.

Осы жұмыстардың нәтижесінде лифт маңындағы қоршалған аумақ босатылып, тұрғындардың еркін өтуіне мүмкіндік жасалды. Осылайша қария лифтіні кедергісіз пайдалана алатын болған.

«Бастапқыда үндемедім, өйткені өзімнің баспалдақпен көтеріліп-түсуге шамам жететін. Қазір денсаулығыма байланысты азық-түлікпен үйге кіріп-шығудың өзі қиын. Бұл мәселе бойыншаПИК-ке де, әкімдікке де жүгіндім, бірақ нәтиже болмады. Содан кейін «Әділет» партиясының қоғамдық қабылдауына келдім. Өтінішімді қарап, мәселенің шешілуіне бірден көмектесті. Партияға алғысымды білдіремін», – деді Алпысбай Жүсіпов.

Қария бұдан былай лифтіні пайдалану үшін белгіленген ай сайынғы төлемді тұрақты түрде төлеуге дайын екенін атап өтті.