«Екі айдың жалақысын ала алмай жүрмін»: «Әділет» партиясының қоғамдық қабылдауы азаматтарды қабылдады

Автор: Бақыт Шынар

Оларды Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантайұлы қабылдады

Фото: партияның баспасөз қызметі

Бірі – мемлекеттік бағдарлама туралы білгісі келеді, енді бірі адал еңбегінің ақысын ала алмай жүр, тағы бір адам алаяқтардан жапа шеккен. Бүгін осы азаматтар «Әділет» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп, депутатпен тікелей сөйлесті. Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантайұлы қабылдау бөлмесіне келген Астана тұрғындарын офлайн, Алматы мен өзге қалалардан мәселесін айтпақ болған азаматтарды онлайн қабылдады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Кездесу барысында азаматтар еңбек, тұрғын үй, жұмыспен қамту, құқықтық көмек және мемлекеттік бағдарламаларға қатысты мәселелерін қозғады.

​Мәселен, Астана қаласының тұрғыны Ислам Ғаниев информатика пәнінің мұғалімі. Әйелі тіс дәрігер. Жас отбасы Астанадан аймаққа көшіп, мақсаттарына қарай жол бастағысы келеді.

​«Мен информатика пәнінің мұғалімімін, ал әйелім тіс дәрігері. Жас отбасымыз. Баянауылға барып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы солтүстік өңірде еңбек еткіміз келеді. Жинаған тәжірибемізді ауылдың дамуына жұмсасақ дейміз. Осы мақсатта солтүстік өңірге қалай баруға болады, барған жағдайда қалай жұмысқа орналасамыз, ол үшін қандай талаптарды орындау керек деген сұрақтармен келіп отырмын», - дейді тұрғын.

Жарқынбек Амантайұлы бұл отбасының қоныстануы үшін ішкі көші-қон саласының мамандары мен жергілікті әкімдік өкілдерімен байланыс орнатуға көмектесуге дайын екенін айтты.

«Жас отбасының өтінішін бірден өз бақылауыма алдым. Олар жұмыс күші қажет өңірге барып, ауылдық жерде еңбек еткісі келеді. Сондықтан қай өңірде қандай жұмыс орындары барын, мемлекеттік бағдарламалардың қандай мүмкіндіктері қарастырылғанын анықтау қажет. Қазір осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз», – деді Жарқынбек Амантайұлы.

Қабылдауда өзге азаматтар да бірқатар мәселені көтерді. Атап айтқанда, аула сыпырушысы болып жұмыс істеген Айдарбек Дүйсенғали соңғы екі айда еңбекақысын ала алмағанын айтып, шамамен 700 мың теңге көлеміндегі берешекті өндіруге көмек сұрады. Азаматтың айтуынша, еңбек шарты ресми рәсімделмеген.

«Алғашында бұл мәселені дәлелдеу қиын болып көрінді. Бірақ сөйлесе келе, азаматтың жұмыс берушімен хат алмасқаны анықталды. Егер осы хаттарды нотариалды түрде бекітсе, олар оның сол жерде жұмыс істегенін және жұмыс берушінің қарызы бар екенін дәлелдейтін құжатқа айналуы мүмкін. Сондықтан біз оған құқықтық тұрғыдан кеңес беріп, өз құқығын қалай қорғауға болатынын түсіндірдік», – деді Жарқынбек Амантайұлы.

Депутат азаматқа сотқа жүгіну және жалақысын заңды жолмен өндіріп алу тәртібі туралы құқықтық кеңес берді. Осы мәселеге байланысты депутат Ішкі істер министрлігіне хат жолдап, мәселені бақылауға алуды сұрайтынын жеткізді.

Арыххан Гүлнар алаяқтардың әрекетінен кейін банктен 6 млн теңге көлемінде несие рәсімделгенін айтып, қаражатты қайтаруға қатысты сот шешімінің орындалмай отырғанын жеткізді.

​Сондай-ақ Гүлмира Дүйсенова жұмыспен қамту мәселесін көтерді. Арыстағы үйі толық өртеніп кеткеннен кейін Астанаға көшіп келген азамат жұмыс табуға көмек сұрады. Жарқынбек Амантайұлы бұл бағытта мүмкіндігінше ұсыныс беруге көмектесетінін білдірді.

Қабылдауға келген азаматтардың қатарында тұрғын үй мәселесін көтерген Айнұр Жақсылықова да болды. Ол 1995 жылдан бері бұрын әскери баспана ретінде салынған бір бөлмелі үйде тұрып келеді. Осы уақыт ішінде коммуналдық төлемдерді төлеп, жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарын өз қаражатына жүргізген. Баспана кейін әскери тұрғын үй қорынан шығарылған. Тұрғын жекеменшікке рәсімдеуді ұзаққа созып, уақыттан ұтылған. Кейін үйге қатысты дау туындап, оған өзге адамдар ортақтасып отыр.

«Үйдің бастапқыда әскери баспана ретінде салынғаны, кейін оның осы мәртебеден шығарылғаны да ескерілуі керек. Енді бұл баспананың қазіргі құқықтық мәртебесін, оның балансқа қалай өткенін және осы уақытқа дейін қандай өзгерістер болғанын анықтау қажет. Осы мәселелердің бәрін тиісті мемлекеттік органдармен бірге зерделеп, азаматтың баспананы заңды түрде рәсімдеуіне қандай мүмкіндік бар екенін қарастырамыз», – деді Жарқынбек Амантайұлы.

Қабылдау қорытындысы бойынша депутат азаматтардың өтініштерін назарға алып, көтерілген мәселелерді тиісті мемлекеттік органдарға жолдап, шешілуіне барынша күш салатынын айтты.

​«Тұрғындардың арыз-өтініштерін қабылдап, көтерген мәселелері бойынша тиісті мемлекеттік органдарға сауалдар жолдаймыз. Әр мәселеге қатысты қажетті бағыт-бағдар беріп, оң шешімін табуына барымызды саламыз», - деді Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Жарқынбек Амантайұлы.

​«Әділет» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды депутаттардың қабылдауы тұрақты түрде жалғасады.