Қостанай прокуратурасы 24 сиырдың «туған күніне» қатысты әкімдікте шу көтеріп, шенеунікті жазалаған
Олардың жасына қатысты дерек қате жазылған соң, субсидия төленбей қалған
Қостанай облысы Қарабалық ауданының прокуратурасы 24 сиырдың «туған күніне» қатысты әкімдікте шу шығарып, тіпті, жауапты шенеуніктің кінәсін дәлелдеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстанның Бас прокуратурасы әр өңірдегі прокуратуралардың дерегіне сүйене отырып, азаматтар мен бизнестің құқығын қорғауға қатысты ақпарат ұсынып тұрады. Бүгін Қостанай облысындағы инвестордың құқығын қорғауға қатысты ақпарат шықты.
«Қарабалық ауданының прокуратурасы инвесторға тауар-сүт фермасын құру жобасын іске асыру кезіндегі әкімшілік кедергіні жоюға көмектесті. Инвестор Ресейден 401 асыл тұқымды ірі қара мал сатып алған», - деп хабарлайды Қостанай облысының прокуратурасы.
Қостанай облысының прокуратурасы жазғандай, әкімдіктің ветеринарлық қызметі осы 401 асыл тұқымды ірі қараның ішінде 24 сиырдың «туған күнін» теріс жазып жіберген екен.

Малдың жасына, яғни, төлдеген уақытына қатысты ақпарат қате болған соң инвестор субсидия алуға өтініш бере алмаған.
«Осының кесірінен инвестор 9,3 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік субсидия ала алмаған. Прокуратура тәртіптік жауапкершілікке тартылған лауазымды тұлғаның кінәсін анықтады. Инвесторға сотқа жүгіну үшін құқықтық көмек көрсетті. Іс соңында ветеринарлық станция ақпараттық жүйедегі мәліметтерді түзетіп беріп, инвестор субсидия алуға өтініш берген», - деп хабарлайды прокуратура.