«Әділет» депутаттары Қазақстан мен Корея арасындағы әріптестіктің маңызды бағыттарын атады

Автор: Темірхан Айжан

Депуттардың айтуынша, Қазақстан Кореямен өндіріс, технология және ғылыми кооперацияны дамытуға мүдделі

Фото: Ақорда

«Әділет» партиясының депутаттары Ирина Тен мен Максим Рожин Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қатысты пікір білдіріп, алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитінде көтерілген бастамалардың экономикалық және технологиялық маңызына тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат Ирина Теннің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саммит барысында экономикалық, технологиялық және инвестициялық әріптестікті тереңдетуге басымдық берді.

«Менің ойымша, бүгінгі жағдайда мұндай серіктестіктің негізінде экономикалық мүддемен қатар өзара сенім, құрмет және нақты нәтижеге бағытталған байланыс болуы маңызды.
Оңтүстік Кореяның технологиялық және өндірістік тәжірибесін Қазақстанның әлеуетімен ұштастыру жаңа жобаларға, инвестицияларға және сапалы жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді», – деді Ирина Тен.

Ол екі ел арасындағы қарым-қатынастың алдағы уақытта өзара тиімді бастамалар арқылы нығая түсетініне сенім білдірді.

Құрылтай депутаты, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Максим Рожин Қазақстанның Кореямен қарым-қатынасы дәстүрлі сауда байланысынан технологиялық және өнеркәсіптік кооперация деңгейіне көтеріліп жатқанын атап өтті.

«Қазақстан біртіндеп «ресурсқа айырбас ретінде технология» моделінен «бірлесіп жаңа құн қалыптастыру» моделіне өтуге ұмтылып отыр. Біз Кореяға тек табиғи ресурстарымызды немесе ішкі нарығымызды ұсынып отырған жоқпыз. Біз бірге өндіріс құруды, технологияны ел ішінде игеруді, ғылыми кооперацияны дамытуды, кадр даярлауды және дайын өніммен әлемдік нарыққа бірге шығуды ұсынып отырмыз», – деді депутат.

Рожиннің пікірінше, президент ұсынған бастамалар өзара байланысты стратегиялық саясаттың құрамдас бөліктері болып саналады. Оның айтуынша, өндіріс пен технология, сирек металдарды терең өңдеу, жасанды интеллект, көлік-логистика, энергетика, су қауіпсіздігі және адам капиталын дамыту бағыттары Қазақстан экономикасының сапалы жаңғыруына негіз бола алады.

Депутат AI Talent өңірлік бағдарламасы, Alem.ai, суперкомпьютерлер мен кореялық жоғары оқу орындарымен бірлескен жобалар Қазақстанды Орталық Азиядағы технологиялық кадрлар даярлайтын өңірлік орталыққа айналдыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Сонымен қатар ол халықаралық келісімдердің тиімділігі нақты нәтижемен бағалануы тиіс екенін атап өтті.

«Сондықтан алдағы кезеңде біз үшін маңызды көрсеткіштер мыналар болуы керек: қанша инвестиция тартылды, қанша өндіріс іске қосылды, қанша технология Қазақстанда локализацияланды, қанша қазақстандық маман даярланды, қанша қосылған құн ел ішінде қалды және қанша өнім үшінші нарықтарға шықты. Бұл тұрғыдан алғанда алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммиті – жақсы басталған саяси диалогтың жалғасы ғана емес. Бұл – Қазақстанның өзінің ресурстық, географиялық және адами әлеуетін Кореяның технологиялық мүмкіндіктерімен ұштастырып, жаңа өндірістік және технологиялық экожүйе қалыптастыруға деген ұмтылысының көрінісі. Ендігі мәселе – осы саяси импульсті жоғалтпай, оны нақты жобаларға айналдыру. Халықаралық саясаттағы әрбір уағдаластықтың соңғы нәтижесі елдің ішіндегі нақты өзгеріспен өлшенуі керек. Меніңше, Кореямен бүгін қалыптасып отырған жаңа әріптестіктің басты мәні де осында», – деді Максим Рожин.

Айта кетейік, 16 қыркүйекте Сеулде өткен алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіп және технологиялық даму серіктестігін құру, көлік-логистикалық байланыстарды күшейту, жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ сирек және сирек кездесетін металдарды геологиялық барлау, өндіру және терең өңдеу бағытындағы бірлескен жобаларды дамыту жөнінде бірқатар бірқатар бастама көтерген болатын.