«Креслоға отырсаң, тұрғың келмейді»: марқұм Бейсен Құранбектің жастарға айтқан сөзі көпшілікті тебірентті (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

Ол әдемі, ыңғайлы креслодан қарапайым орындықты жөн көретінін айтты

Фото: Жеңіс Ысқабай

Марқұм журналист Бейсен Құранбектің желіде видеосы тарап, жастармен кездесудегі айтқан сөзі көпшілікті тебірентті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Алғаш 2020 жылы директор болып келгенімде осында үлкен кресло қойыпты. Отырып көрсем жағып барады, тұрғың келмейді. Креслоның буы болады екен. Өзімнің журналистігімді ұмытып, шенеунік болып барамын. Содан қарапайым орындық керек деп алдырдым», – дейді марқұм Бейсен Құранбек.

Ол әдемі, ыңғайлы креслодан қарапайым орындықты жөн көретінін айтты.

«Біріншіден, өзіңнің журналист екеніңді ұмытып кетпейсің. Екіншіден, жұмсақ орындық адамды жалқау етеді. Мен шенеунік емес, журналистпін», – дейді марқұм журналист жастармен кездесуде.

Желі қолданушылары видеоға қатысты жылы лебіздерін білдірді.

«Неге осындай адал жандар ұзақ өмір сүрмейді екен?», «100 жылда бір туатын асыл тұлғалар еді ғой», «Өмірай өмір ағын судай. Жаны жәннаттың төрінде болсын», «Қазақтың маңдайына сыймай кеткен, қайталанбас тұлға. Жатқан жері жаннаттың төрі болсын», «Асыл азамат еді! Жылтырға қызықпай, қарапайым халықтың жалауын көтерген адал журналист болды. Қаншама сағы сынып, тауы шағылған жандарға жылу мен үміт сыйлаған бір туар қазақтың жанашыр ұлы болған Бейсен ағамыз. Жәйі жәннәттың төрінде шалқысын», – деп жазды желі қолданушылары.