Оқиға Нұра ауданында болған
Астананың Нұра ауданында құрылыс нысанынан құлаған профлист кәмелетке толмаған қыздың үстіне түсті. Оқиғадан кейін бала №2 қалалық балалар ауруханасына түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дәрігерлер қызға қажетті медициналық көмек көрсеткен. Қазір оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Ауруханаға жатқызу қажет болмаған.
Алайда бұл құрылыс нысанына қатысты мәселе бұған дейін де көтерілген. Жергілікті тұрғындар нысанның қауіпсіздігіне алаңдап, әкімдікке бірнеше рет шағымданған.
Оқиғадан кейін құрылыс компаниясының жауапты өкілі – учаске басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полицияның мәліметінше, оған абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салынуы мүмкін. Айыппұл көлемі 432 500 теңгеге дейін жетеді.
«Құрылыс нысаны аумағының талапқа сай күтілмеуіне байланысты құрылыс компаниясының жауапты өкілі – учаске басшысы абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады Нұра аудандық полиция басқармасы.
Полиция зардап шеккен қызға қажетті медициналық көмек көрсетілгенін және қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеді.