«Әпкесінің балабақшасына 1,3 млрд теңге аударған»: Түркістанда білім бөлімінің басшысына қатысты сұмдық ақпарат тарады

Автор: Алмас Ерсін

Облыс әкімдігі желідегі мәліметке қатысты ресми мәлімдеме жасады

Фото: freepik.com

Желіде Түркістан облысында аудандық білім бөлімінің басшысы әпкесінің балабақшасына 1,3 млрд теңге аударғаны туралы ақпарат тарады. Жарияланымға облыс әкімдігі жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Egov.press Telegram-арнасында хабарланғандай, аудандардың біріндегі білім бөлімінің басшысы туған әпкесіне тиесілі балабақшаға бюджет қаржысынан 1,3 млрд теңге аударған.

Түркістан облысының әкімдігі бұл жазбаға қатысты түсініктеме берді.

«Таралған жарияланымға байланысты мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын қаржыландыру заңнамада белгіленген тәртіппен – мемлекеттік білім беру тапсырысы және бала басына қаржыландыру аясында, тәрбиеленушілер саны мен бекітілген нормативтерге сәйкес жүзеге асырылады. Бұл білім бөлімінің басшысы жеке өзі қабылдайтын шешім емес», – деп мәлімдеді ведомство.

Әкімдік жарияланымда көрсетілген сома тиісті кезеңдегі нақты қаржыландыру көлеміне сәйкес келмейтінін атап өтті.

«Қазіргі уақытта білім бөлімінің басшысы шындыққа сәйкес келмейтін және оның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтердің таралуына байланысты сотқа жүгінді. Келтірілген фактілерге құқықтық бағаны сот береді.

Бюджет қаражатына қатысты ақпаратты таратқан кезде тексерілмеген мәлімдемелерге емес, ресми құжаттар мен расталған деректерге сүйену қажет», – деп мәлімдеді Түркістан облысының әкімдігі.