Жүрек, өкпе бауыр: Астанада бір донор үш адамның өмірін сақтап қалды (ВИДЕО)
Қазақстанда жыл басынан бері қайтыс болғаннан кейінгі 132 әлеуетті донор анықталды
Астанада донордан жүрек, өкпе және бауыр ағзалары алынды. Осылайша ол үш адамның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Денсаулық сақтау министрлігі осындай әр жағдайдың артында дәрігерлердің, реаниматологтардың, трансплантологтардың, донорлық, санитариялық авиация мамандарының және басқа да көптеген медицина қызметкерлерінің орасан зор еңбегі бар екенін айрықша атап өтті.
«Алайда ең алдымен, бұл – ең қиын сәтте отбасының қабылдаған шешімі. Денсаулық сақтау министрлігі донордың туыстарына көрсеткен батылдығы мен адамгершілігі үшін шынайы алғысын білдіреді. Қазақстанда жыл басынан бері қайтыс болғаннан кейінгі 132 әлеуетті донор анықталып, 205 трансплантаттау жасалды. 2025 жылы бұл бағытта айтарлықтай бетбұрыс болды. Бір жылдың ішінде 18 донорлық процесс жүргізілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есе көп. Ал трансплантаттау саны үш есеге жуық артып, 68-ге жетті. Салыстырмалы түрде алғанда, 2023 жылы 19 ағза, 2024 жылы 23 ағза трансплантатталған болатын», – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство дерегіне сүйенсек, 2026 жыл 2025 жылғы нәтиженің бір реттік өсім болмағанын көрсетіп отыр. 11 қыркүйектегі жағдай бойынша 13 мультиағзалық донорлық процесс жүргізілді. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан 42 трансплантаттау жасалды: 14 бүйрек, 9 бауыр, 11 жүрек, 4 өкпе және 4 мөлдір қабық.