«Бұрынғыдай 6 ай емес, 3 ай ғана төленеді»: Үкімет кімдерге айына 267 мың теңге жәрдемақы беретіні белгілі болды
Бұрын бұл жәрдемақы адамның неше ай тұрақты жұмыс істегеніне қарамай, алты ай бойы төленетін
2026 жылдың бірінші қазанынан бастап үкімет жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем беру тәртібін өзгертеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бірден бұл ережедегі басты өзгеріске тоқталсақ: енді жұмысынан айырылған қазақстандықтар бұл жәрдемақыны бұрынғыдай алты ай емес, максималды түрде үш ай ғана ала алады. Бір жерде неше ай немесе неше жыл тұрақты жұмыс істегеніне қарай, кейбір адам бұл жәрдемақыны тек бір ай ғана алуы мүмкін. Ал оның көлемі адамның жұмыс істеп жүрген кезде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төлеген әлеуметтік аударымына байланысты есептеледі.
«2026 жылдың 1 қазанынан бастап Қазақстанда пилоттық жоба аясында жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем төлеу тәртібі өзгереді. Төлемнің мерзімі ең көбі үш ай болады», - деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайты.
Бұның себебін түсіндірген министрлік өзгерістің басты мақсаты – адамды тезірек тұрақты жұмыспен қамту екенін жазған. Яғни, бұрынғыдай азаматтар алты ай бойы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алып жүре бермейді.
«Енді төлемнің көлемі адамның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қанша уақыт әлеуметтік төлем аударғанына қатысты болады. Егер азамат 6-12 ай тұрақты жұмыс істеп, әлеуметтік төлем аударса, жұмысынан айырылғаннан кейін бір ай, 12-24 ай бойы тұрақты жұмыс істеген болса, 2 ай, ал екі жыл және одан көп уақыт бойы тұрақты жұмыс істеген азамат осы максималды уақыт – үш ай жәрдемақы алады», - деп түсіндірген жаңа ережені министрлік өкілдері.
Жәрдемақының көлемі де адамның жалақысы және жүйедегі жылдарына қатысты болады. Бірақ, оның максималды сомасы жеті ең төменгі жалақының 45 пайызынан аспайды. Яғни, 24 айдағы табысы мол болса да азамат 267 мың теңгеден артық төлем ала алмайды.
Тағы бір өзгеріс азаматтың жұмыс «таңдау» процесіне қатысты болмақ. Яғни, бұл төлемді алу үшін азамат міндетті түрде мансап орталығына тіркеліп, жұмыссыз кезінде басқа жұмысқа орналасуға ниеттенуі керек. Жаңа өзгерістерге сай, енді жұмыссыз азамат мансап орталығы ұсынған үш жұмыстан негізсіз бас тарта алмайды.
«Әлеуметтік төлем алып жүрген кезеңде жұмыс іздеуді жалғастырып, мансап орталығы ұсынған лайықты бос жұмыс орындарын қарастырған маңызды. Егер азамат ұсынылған үш лайықты жұмыс орнын дәлелді себепсіз қабылдамаса, оның жұмыссыз мәртебесі тоқтайды. Осыған байланысты әлеуметтік төлем де тоқтап қалады», - деп хабарлайды Еңбек министрлігі.
Жалпы, еңбек министрлігінің мәліметінше, бұл өзгерістер бюджеттің ақшасын үнемдеу үшін емес, керісінше, адамның ұзақ уақыт жұмыссыз жатып қалмауы үшін қажет.