«Оң құлағы мүлде естімейді»: Ұлдана Мырзуан ісінде ауыр жарақат алған әйел өмір бойы мүгедек болып қалған
Медициналық сараптаманың қорытындысын адвокат Жадыра Құрымбаева айтып берді
Қорғаушының айтуынша, Нұрпейісованың медициналық құжаттары мен сот-медициналық сараптама қорытындысында бас сүйегінің оң жақ самай және маңдай сүйектері сынғаны жазылған. Сүйек бөліктері ішке қарай кіріп кеткен. Бас сүйегінің жарақатынан ортаңғы және алдыңғы бөліктері, сондай-ақ оң жақ самайы да жараланған.
«Оң жақ самай сүйегі сынып, ішіне кіріп кеткен. Сүйектің сынығы ортаңғы бассүйекке дейін жеткен. Соның салдарынан оң жақтағы есту жүйкесі қатты зақымданған. Бұдан бөлек, құлақтың ішіндегі дыбыс қабылдау құрылымдары бұзылған. Сотқа ұсынылған сурдологтардың қорытындысында Айнұр Нұрпейісоваға IV дәрежелі жарақаттан кейінгі «сенсоневралды кереңдік» диагнозы қойылғаны айтылды. Яғни оның оң құлағы мүлде естімейді», - деді Жадыра Құрымбаева.
Адвокат бұл жарақаттың жазылмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, оң құлақтағы есту қабілетін ота арқылы да, емдеу жолымен де қалпына келтіру мүмкін емес. Ал сол құлаққа түсетін салмақтың артуы оның есту қабілетіне де әсер етіп отыр. Осыған байланысты болашақта Нұрпейісоваға есту аппараты қажет болуы мүмкін.
Жадыра Құрымбаева бұл деректерді сот үшін маңызды деп санайтынын айтып, медициналық мамандарды шақыруды сұрады. Атап айтқанда, ол оқиға кезінде Айнұр Нұрпейісованы емдеген дәрігер мен нейрохирургтен жауап алуды өтінді.
Адвокаттың пікірінше, дәрігерлердің жауабы оқиға кезінде Нұрпейісова алған бас жарақаты мен кейін пайда болған кереңдіктің арасында тікелей байланыс бар-жоғын анықтауға көмектеседі.
Айта кетейік, Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлап, бірнеше адам зардап шеккен кезде оқиға орнына жедел жәрдем фельдшері ретінде барған. Ол зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқан сәтте құрылыс бөлшектерінің астында қалып, кейін алған жарақатынан көз жұмған. Іс бойынша тұрғын үйдегі мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты сот процесі жүріп жатыр.