Бұл туралы Құрылтайда өткен брифингте депутат Снежанна Имашева мәлімдеді
Құрылтай депутаттары заң жобаларын өз бастамасымен әзірлеп, заң шығару процесіне ұсына алады. Бұл үшін Үкіметтің арнайы қорытындысын алу міндетті емес. Бұл туралы «Әділет» партиясынан сайланған Құрылтай депутаты Снежанна Имашева мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, заң шығару процесіндегі депутаттық бастаманың өзіндік тәртібі бар. Егер заң жобасын Үкімет енгізсе, оған Үкіметтің қорытындысы қоса берілуі керек. Ал кейбір жағдайларда мемлекеттік шығыстарға қатысты қосымша қорытынды талап етіледі.
«Депутаттық бастамаға мұндай қорытынды қажет емес. Депутат Үкіметтің қорытындысын алуға міндетті емес», – деді Снежанна Имашева Құрылтайдағы баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар депутат өздері ұсынатын түзетулердің ықтимал салдарын парламентарийлер алдын ала ескере алатынын атап өтті.
«Депутат Үкіметтің қорытындысын алуға міндетті емес. Тек оның ұсынған түзетулері қосымша шығынды талап етпесе немесе бюджет шығыстарын азайтпаса ғана», – деді ол.
Дегенмен депутаттық бастамаға қатысты бірқатар ерекшелік бар. Мәселен, депутат кәсіпкерлерге қойылатын талаптарды күшейтуді, жаңа санат енгізуді, қосымша міндет жүктеуді немесе айыппұл белгілеуді ұсынса, Үкіметтің қорытындысын сұрата алады.
«Депутат өз түзетулері арқылы кәсіпкерлерге қойылатын талаптарды күшейткісі, жаңа санат немесе жаңа міндет енгізгісі, айыппұл белгілеуді ұсынғысы келсе, мұндай жағдайда қорытынды алуға құқылы. Өйткені ол ұсынылған өзгерістердің қандай салдарға әкелетінін түсінуі керек. Сондықтан бұл – депутаттың өз қалауындағы мәселе», – деп қорытындылады Снежанна Имашева.