Вице-спикер: депутаттың әдебін бұзғандарға ескерту мен жалақыдан айыруға дейін жаза қарастырылған

Автор: Махан Миражан

Бұл туралы вице-спикер Дания Еспаева мәлімдеді

Фото: Azattyq Rýhy

Депутаттық әдеп талаптарын бұзған Құрылтай депутаттарына ескерту жасаудан бастап жалақысынан айыруға дейін түрлі жаза қолданылуы мүмкін. Бұл туралы Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, депутаттық әдеп нормалары тек Құрылтай отырысы кезінде емес, депутаттың қызметтен тыс уақыттағы әрекетіне де қатысты.

Дания Еспаева депутаттардың сөзінде әріптестерінің немесе басқа тұлғалардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін пікірлер болмауы керектігін атап өтті. Сондай-ақ ол бұқаралық ақпарат құралдарында шынайы әрі расталған мәліметтерді ұсынуға міндетті екенін түсіндірді.

«Егер депутаттардың сөздерінде депутат әріптестерінің немесе басқа да тұлғалардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін пікірлер айтылса, бұл, әрине, депутаттық әдепті бұзу болып саналады. Депутаттық әдеп талаптары тек жұмыс тобының отырысы кезінде немесе Құрылтайдағы жұмыс барысында ғана емес, Құрылтайдан тыс уақытта да депутаттың өзіне қатысты қолданылады. Депутат барлық тиісті талаптарға сай келетін адам болуы керек. Сондықтан оның қай жерде жүргеніне қарамастан, мейлі ол жұмыс орнында болсын, мейлі ол Құрылтайдан тыс жерде жүрсін,  бұл талаптар бәріне ортақ», - деді Дания Еспаева.

Вице-спикер депутаттық әдеп жөніндегі кеңестің құрылатынын да айтты. Оның құрамына барлық партиялардың өкілдері мен комитет төрағалары кіруі мүмкін. Кеңеске жеке және заңды тұлғалардан келіп түсетін өтініштер қаралып, тиісті шешімдер қабылданады.

«Депутаттық әдеп талаптарының сақталуын қамтамасыз ету үшін Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес құрылады. Бүгінде бізде Кеңестің жұмыс тәртібі жазылған ережелер ғана бар. Регламент қабылданғаннан кейін Кеңесті құру, оның құрамын бекіту және Кеңес төрағасын анықтау туралы шешім қабылданады. Кеңес құрамына барлық партиялардың өкілдері, сондай-ақ комитет төрағалары кіреді деп күтіледі», - деді ол.

Еспаева депутаттық әдепті бұзу фактілері бойынша қолданылатын нақты шараларға тоқталды. Жаза кімнің қандай этиканы бұзғанына қарай, кезең-кезеңімен күшеюі мүмкін.

«Депутаттық әдепті бұзған депутатқа қатысты бірнеше тәртіптік шара көзделген. Біріншісі - ескерту, екіншісі - депутаттың көпшілік алдында кешірім сұрауы. Сонымен қатар депутатқа Құрылтай отырыстарының бірінде сөз беруге тыйым салынуы мүмкін. Бұдан бөлек, үш отырыс бойы сөз бермеу және депутатты отырыстан шығару сияқты шаралар да қарастырылған», - деді Құрылтай төрағасының орынбасары.

Ең қатаң шара ретінде депутатты жалақысынан айыру қарастырылған. Алайда нақты қандай жаза қолданылатыны әрбір жағдай жеке қаралғаннан кейін шешіледі.

«Кеңес заңды және жеке тұлғалардан келіп түскен барлық өтініштерді міндетті түрде қарайды. Қарау қорытындысы бойынша шешімдер ұсынылады. Ал депутатқа қандай шара қолдану керектігі белгіленген тәртіппен шешіледі. Сондықтан Кеңестің жұмысы тек өтініштерді қараумен шектелмейді», - деді Дания Еспаева.

Вице-спикердің айтуынша, Кеңестің тағы бір маңызды міндеті - депутаттар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бұл әсіресе Құрылтайдың жаңа құрамы үшін маңызды.

Айта кетейік, қазір Құрылтайда 145 депутат бар. Оның құрамының 78 пайызы жаңарған. Осыған байланысты Дания Еспаева депутаттық әдеп жөніндегі кеңес тек тәртіп бұзушылықтарды қарастыратын орган емес, сонымен қатар депутаттардың әдеп нормаларын сақтауына бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізетін құрылым болуы қажет екенін айтты.