Ауыл халқы кімнің қай өңірге жауапты екенін ашық біледі – Петров Құрылтай депутаттарының міндетін атап өтті

Өңірлерге сапар барысында депутаттар тұрғындарды жеке қабылдайды

Ауыл халқы кімнің қай өңірге жауапты екенін ашық біледі – Петров Құрылтай депутаттарының міндетін атап өтті
Құрылтай баспасөзі

Қазақстанда депутаттар нақты аумақтарға бекітіліп, сайлаушылармен тұрақты байланыс орнатады. Бұл туралы брифинг барысында Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті төрағасының орынбасары Константин Петров мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, депутаттардың халықпен кері байланысын қамтамасыз ету үшін регламентте арнайы талаптар қарастырылған. Атап айтқанда, әр депутат бір сессия барысында өңірлерге кемінде екі рет баруы тиіс.

«Қыркүйек айының басынан маусым айының соңына дейін әр депутат өңірлерге кемінде екі рет барады. Фракциялар депутаттарды өңірлерге бекітіп қойды. Бұл ақпарат халыққа қолжетімді болмақ. Яғни азаматтар қай депутаттың қай өңірге жауапты екенін біле алады», - Құрылтайдың депутаты. 

Константин Петровтың айтуынша, өңірлерге сапар барысында депутаттар тұрғындарды жеке қабылдап, еңбек ұжымдарымен және түрлі қоғамдық топтармен кездеседі. Сонымен қатар депутаттар сессия аралық кезеңде де халықпен жұмысты тоқтатпайды. Олар сайлаушылармен кездесіп, сарапшылармен жұмыс істеп, заңнамалық өзгерістер мен түзетулер әзірлейді.

Ол кері байланыстың тағы бір тетігі ретінде саяси партиялардың арнайы платформаларын атады. Мәселен, оның сөзінше, «Әділет» партиясы сайлауалды үгіт кезеңінде азаматтардан түскен өтініштердіңбәрін бір жерге топтастыратын платформа жасаған. 

«Біз қазірдің өзінде азаматтардың өтініштерін жинақтап жатырмыз. Кейін олар өңірлер, қызмет бағыттары және ең өзекті мәселелер бойынша сараланады», – деді ол.

Бұдан бөлек, азаматтар депутаттарға әлеуметтік желілер арқылы да тікелей жүгіне алады. Ал мемлекеттік органдарға ресми өтініш жолдау үшін «Е-Өтініш» цифрлық платформасын пайдалануға болады. Онда өтініштің қай орындаушыға жіберілгенін, оның қаралу барысын және берілген жауапты бақылауға мүмкіндік бар.

Депутаттың айтуынша, халықпен кері байланыс бір ғана кездесумен шектелмей, жан-жақты әрі жүйелі жұмысқа айналу керек.