Өкпе обырын анықтайтын отандық AI жүйесі іске қосылмай тұр: депутат Бектеновке шүйлікті

Автор: Асыл Арман

Өкпе обыры Қазақстанда онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім бойынша бірінші орында тұр

Фото: istockphoto.com

Елімізде жыл сайын үш мыңнан астам адамға өкпе обыры диагнозы қойылады. Ал ауруды ерте анықтауға мүмкіндік беретін отандық жасанды интеллект жүйесі әзірленіп, 200 медициналық ұйыммен интеграцияланғанымен, жоба әрі қарай дамымай қалған. Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Пономарев Үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, өкпе обырын ерте диагностикалау үшін отандық жасанды интеллект жүйесін іске қосу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат сөз басында биыл мемлекет басшысы цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағанын қозғап өтті. Президент озық жасанды интеллект технологияларын қолдану елдің дамуы мен денсаулық сақтау сияқты негізгі салаларды жаңғыртудың қуатты қозғаушы күшіне айналуы тиіс екенін бірнеше рет атап өтті.

«VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты ретінде мен өкпе обырын ерте диагностикалау және скринингтен өткізу үшін отандық жасанды интеллект жүйесін енгізу мәселесін көтердім. Ресми статистикаға сәйкес, бүгінде өкпе обыры Қазақстанда онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім бойынша бірінші орында тұр. Жыл сайын бұл қорқынышты диагноз үш мыңнан астам адамға қойылады. Ал скрининг көптеген адамға ауруды ерте кезеңде анықтап, емді уақытылы бастауға мүмкіндік берер еді. Скринингтің тиімділігі дәлелденген. АҚШ-та мұндай зерттеулер өлім-жітімді 20 пайызға, ал Италияда 39 пайызға төмендеткен. Өкпе обыры асқынған жағдайда оны емдеу үшін мемлекет бір науқасқа 60 миллион теңгеге дейін қаражат жұмсайды, өкінішке қарай, олардың көпшілігіне көмектесу мүмкін болмай жатады», – дейді Сергей Пономарев.

Құрылтай депутаты бұл мәселе тек қаржыда емес, ең бастысы қазақстандықтардың денсаулығында екенін тілге тиек етті. Сол себепті жоғары тәуекел тобындағы адамдар арасында өкпе обырына ұлттық скринингті төмен дозалы компьютерлік томографияны қолдану арқылы енгізу «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында нақты бекітілген.

«Бір дәйексөз келтірейін: «Скрининг бірыңғай ұлттық стандарттар бойынша жүргізіліп, ауруды ерте кезеңдерде анықтауға, емді уақытылы бастауға және асқынған жағдайлар санын азайтуға мүмкіндік береді». Енді бұл жай ғана партияның уәдесі емес, дер кезінде диагноз қойылуына тәуелді азаматтардың өмірі үшін атқарылуы тиіс тікелей міндет. Бұл бағытта отандық технологиялық шешімдер қазірдің өзінде бар. 2023 жылы Дүниежүзілік банктің гранты есебінен өкпе обырын ерте диагностикалауға және скринингтен өткізуге арналған, еліміздің 200 медициналық ұйымымен техникалық тұрғыдан интеграцияланған дайын жасанды интеллект жүйесі әзірленді. Алайда жасанды интеллект туралы заңның қолданысқа енгізілуіне және қажетті құқықтық базаның болуына қарамастан, жоба әрі қарай дамымай тұр», – дейді депутат.

Сергей Пономарев сөз соңында Үкіметке мынандай мәселелерді анықтауды тапсырды:

  1. Төмен дозалы компьютерлік томография арқылы өкпе обырын ерте анықтауға арналған скринингті енгізудің не себепті кешіктірілгенін және оған қандай факторлар әсер еткенін анықтау.
  2. Осы бағытта қолда бар технологияларға тәуелсіз бағалау жүргізіп, оның нәтижесін ұсыну.
  3. Жобаны іске қосу мерзімдері мен шарттарын айқындау. Заң талаптарының сақталмағаны анықталған жағдайда, оған жауапты тұлғаларды заң аясында жауапқа тарту.