Сотта құрылыс саласының маманы жауап беріп жатыр
Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот жалғасып жатыр. Бүгінгі сот отырысына құрылыс саласының маманы Вероника Лабаева қатысып, куәлік етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сарапшы сотта Тәуелсіздік, 24 мекен жайындағы тұрғын үйге жасалған сараптаманың қорытындысын жария етті.
Оның сөзінше, ғимарат қаңқасыз жүйе бойынша салынған. Бұдан басқа, нысанның құрылысы 2.183 сериялы конструктивті Д-69 торабы негізінде салынған. Яғни, бұл материал тоғыз қабат үйге емес, тек БЕС қабат үйге арналады.
«Жасалған талдау мен натуралық-инструменталдық бақылау нәтижесінде сарапшылар нақты орындалған кірпіш қалау жұмыстары мен олардың қолдарында болған бастапқы жобалық құжаттама арасында елеулі айырмашылық барын атап өтті», - деді ол.
Яғни, тоқетерін айтқанда, құрылыс жұмыстары нормативтік талапқа да сай келмейді.
«Бірінші кезекте, сараптама қорытындысында ғимараттың қабат саны бойынша 2.183 сериясының талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Нақты объектіде осы типтік шешім бойынша тоғыз қабат салынған. Ал аталған сериядағы Д-69 торабы қабырғаларды ең көбі бес қабатты ғимараттарда қолдануды көздейді. Яғни бұл конструкциялық шешім аз қабатты құрылысқа, нақтырақ айтқанда бес қабатқа дейінгі ғимараттарға арналған. Алайда іс жүзінде осы типтік серия негізінде тоғыз қабатты ғимарат бой көтерген», - деп түсіндірді.
Құрылыс сарапшысының сөзінше, ғимаратта армобелдеулер түріндегі күшейту жұмыстары толықтай жоқ. Тоғыз қабатты ғимарат үшін мұндай элементтердің болмауы конструкцияның кеңістіктік беріктігін қамтамасыз ету тұрғысынан елеулі мәселе.
Сондай-ақ ол фундамент ерітіндісінің беріктігіне қатысты талап та бұзылған дейді сарапшы.
«Қайғылы жағдайдан кейін сараптама жүргізу мақсатында «Астана техникалық қадағалау» мамандары объектіні тексеру үшін кірпіш қалау конструкцияларының үлгілерін алған. Алайда үлгілерді алу кезінде олар үгітіліп, бұзылып, тиісті зертханалық зерттеу жүргізу мүмкін болмаған. Кейін ерітіндінің нақты маркасы М25 екені анықталған. М25 маркалы ерітінді жүк көтергіш конструкцияларда қолдануға арналмаған. Бұл – беріктігі төмен, қауіпсіздік тұрғысынан қажетті беріктік қоры аз ерітінді», - деді құрылыс маманы.
Сараптама қорытындысында жылу оқшаулағыш материалдың да жобалық шешімге сәйкес келмейтіні де жазылған. Маманның сөзінше, жобада кірпіш қалау арасындағы жікте минералды мақтадан жасалған жылу оқшаулағыш материал қарастырылған. Алайда құрылыс салушы оны өз бетінше пенополистиролға ауыстырған.
«Пенополистирол – жанғыш материал. Бұл материалды минералды мақтаның орнына ауыстырудың негіздемесі іс материалдарында көрсетілмеген», - деді маман.
Айта кетейік, бұған дейін сот отырысында осы мекен жайда тұратын тұрғындар нысанның құрылыс сапасына қатысты бірнеше рет шағым түсіргендерін айтты. Тіпті ол бойынша сот отырысы да өткен.