«Ата-ана жасөспірімнің араласатын ортасына назар аударуы керек»: Шымкентте есірткіге қарсы акция басталды

Автор: Бақыт Шынар

«Шымкент – есірткісіз қала» жалпы қалалық акциясының мақсаты белгілі болды

Фото: қала әкімдігі

Шымкентте есірткінің таралуына жол бермеу, оның алдын алу және жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған «Шымкент – есірткісіз қала» жалпы қалалық акциясы басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

«Жасөспірімнің ортасы мен мінез-құлқы маңызды»

Жалпы, дереккөзге сүйенсек, акцияның негізгі мақсаты – есірткі қылмысының алдын алу, заңсыз жарнаманы анықтау, интернет арқылы таралатын есірткі саудасына қарсы іс-қимылды күшейтіп, бұл кеселдердің орнына жастарды спортқа, білім мен шығармашылыққа тарту.

Көпшілік алдында сөз сөйлеген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек те бұл қауіптің салдарымен күрескенше себебін ерте анықтау керек дейді.

«Қауіпсіз орта қалыптастыруда әр тұрғынның жауапкершілігі маңызды. Және есірткі деген дертпен күресте отбасының да рөлі ерекше. Сондықтан ата-ана жасөспірімнің ортасы мен мінез-құлқына назар аударып, балаларымен ашық сөйлескені абзал», - дейді Сәрсен Құранбек.

Қалалық мәслихат төрағасы Мұрат Жолдыходжаев болса, бұл науқан кезінде қазір көп белең алған құбылыс – есірткінің жасырын әрі заңсыз жарнамасына тосқауыл қою екенін алға тартты.

«Акция аясында есірткінің заңсыз жарнамасына тұрғындардың бей-жай қарамай, күресуіне басымдық беріп отырмыз. Азаматтарды күдікті жарнама мен есірткі тарату фактілері туралы тиісті органдарға дер кезінде хабарлауға шақырамыз», - дейді ол.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұхтар Қожаев акцияның негізгі бағыттарын айтып берді. Яғни, ең алдымен қала аумағында әлеуметтік билбордтар ілінеді. Полиция шымкенттіктерге есірткінің зияны туралы бейнеролик көрсетеді. Нарколог пен полиция қызметкерлері мектеп, жоғары оқу орындарына барып,  жастармен ашық сөйлеседі.

«Бастама «Заң мен тәртіп» қағидатына негізделіп, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Бұл ретте есірткі қылмысына қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті ретінде қаралады. Заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және жастардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру – акцияның басты бағыттарының бірі», - деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Азаматтардың құқықтық сауатын арттыру

«Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру үшін кез келген адамның құқықтық сауаты жақсарып, заң талаптарын білу керек. Осы бағытта жергілікті атқарушы билік жастарға есірткінің адам денсаулығы мен болашағына тигізетін зиянын,  заңсыз әрекеттің арты ауыр салдарға әкелетінін түсіндірмек.

«Есірткінің интернет арқылы таралуына қарсы жұмыс та күшейген. Еріктілер құқық қорғау органдарымен бірлесіп, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге мониторинг жүргізіп, заңсыз есірткі жарнамасы мен таратуға қатысты ресурстарды анықтап жатыр. Яғни, цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, заңсыз контенттің таралуына жол бермеу маңызды», - деп хабарлайды Шымкент әкімдігі.

Акцияның тағы бір маңызды бағыты – жастарды спортқа тарту. Қалада футбол, волейбол және жекпе-жек спорт түрлерінен жарыс өтеді. Балалар мен жасөспірімдердің спорт секцияларына көп баруына көңіл бөлінеді.

«Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спорт пен шығармашылыққа қызығушылығын арттыру – заңсыздықтың алдын алудағы маңызды тетіктердің бірі. Осы арқылы өскелең ұрпақ арасында заң мен тәртіпті құрметтеу, жауапкершілік пен азаматтық белсенділік құндылықтарын қалыптастыруға басымдық беріледі», - деп хабарлайды әкімдік.

Жалпы, ұйымдастырушылар атап өткендей, «Шымкент – есірткісіз қала» акциясы бір реттік шара емес. Ол қаладағы есірткі қылмысының алдын алу, жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заң мен тәртіпті нығайту және салауатты қоғам қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыс.