Бұл туралы министр Үкіметте өткен брифингте айтты
Үкіметте өткен брифингте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстандағы мектептердің сапалы білім беруіне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Брифингте БАҚ өкілі «Бюджеттік қысқартулардан кейін ата-аналар НЗМ мектептеріне түсетін оқушылардың саны азая ма, білім сапасы төмендеп кетеді ме деп алаңдаулы. НЗМ мектептеріне қатысты министрліктің негізгі жоспары қандай? Сонымен қатар министрлік елдегі білім ордаларын НЗМ деңгейіне жеткізудің орнына төмендетіп жатқан жоқ па?» деп сауалын жолдады.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда сапалы білім тек іріктеуден өткен оқушыларға емес, ауылдағы балаларға да қолжетімді болуы керек.
Оқу-ағарту министрлігі Назарбаев зияткерлік мектептерінде жинақталған озық тәжірибені жалпы білім беретін мектептерге таратуды көздеп отыр.
«Қазір Назарбаев зияткерлік мектептерінде шамамен 12 мың оқушы білім алады. Олар арнайы іріктеуден өтіп, сапалы білім алуға мүмкіндік алған. Алайда ведомствоның негізгі мақсаты – осындай білім беру деңгейін барлық балаға қолжетімді ету. Сапалы білімнің ауылдық жерлерде де қолжетімді болғанын қалаймыз. Баланың отбасылық жағдайына немесе оның ауылда не қалада туғанына қарамастан, сапалы білім алу – оның ажырамас құқығы», – деді министрлік өкілі», - деді Сүлейменова.
Сөзінше, осы мақсатта Қазақстанда 217 жайлы мектеп салынған. Жаңа мектептер құрылыс көлемі мен пәндік кабинеттер саны жағынан бұрынғы мектептерден 40 пайыз көп, ал жабдықталуы белгіленген нормадан 20 пайыз жоғары. Алайда министрлік үшін басты мәселе – жаңа ғимараттардың салынуы ғана емес, олардың ішінде берілетін білімнің сапасы.
«Бұл мектептер жай ғана ғимарат болып қалмауы керек. Мұнда өте сапалы білім берілуі тиіс. Ең бәсекеге қабілетті білім беру бағдарламалары осы мектептерде оқытылуы керек. Министрлік жайлы мектептерде Назарбаев зияткерлік мектептері (НЗМ), республикалық физика-математика мектебі (РФММ) және «Білім-инновация» лицейлерінің (БИЛ) тәжірибесін енгізу жұмысын бастап кетті», – деді ол.
Бұл ретте «Келешек мектептеріне» оқушылар арнайы іріктелмейді. Мұнда сол аумақта тұратын барлық бала білім алады.
Жұлдыз Сүлейменова НЗМ-ге түсу кезінде конкурс жоғары екенін де атап өтті. Кей жылдары бір орынға орта есеппен 13 бала таласқан. Соның салдарынан қажетті балл жинай алмаған оқушылардың бір бөлігі мектепке түсе алмай қалады.
«Мен бес ұпай жетпей қалған балаларды да білемін. Шынын айтқанда, олардың кейінгі тағдырына кім қызығушылық танытады? Меніңше, Назарбаев зияткерлік мектептері бір ұпай немесе бес ұпай жетпей қалған балаларды қолдап, олардың әрі қарай білім алуына мүмкіндік беретін арнайы платформа құруы керек еді. Біз мұндай жұмысты көріп отырған жоқпыз», – деді оқу-ағарту министрі.
Оның айтуынша, НЗМ-де қолданылып жүрген білім беру бағдарламалары мемлекет қаржысы есебінен әзірленген. Сондықтан ендігі міндет – осы жылдар ішінде жинақталған тәжірибені елдегі барлық жалпы білім беретін мектептерге тарату.
«Мемлекет бұл жүйеге қомақты қаражат салды. Енді зияткерлік мектептерде жинақталған озық тәжірибені барлық жалпы білім беретін мектептерге тарататын уақыт келді», – деді ол.
Министрлік өкілі сондай-ақ НЗМ-ді қаржыландыруды қысқарту мәселесі күн тәртібінде тұрмағанын атап өтті. Негізгі мақсат – зияткерлік мектептердің тәжірибесін пайдаланып, елдегі барлық оқушыға сапалы білім алуға мүмкіндік жасау.