Мамандар аккаунт қайта бұғатталмас үшін не істеу керек екенін айтты
Қазақстандықтар соңғы уақытта WhatsApp аккаунттарының себепсізден себепсіз бұғатталып жатқанын көп айтып жүр. Желі қолданушылары мәселенің нақты себебін түсіне алмай, бір-бірінен көмек сұрап жатыр. Бұл техникалық ақау ма, әлде месенджердің қауіпсіздік жүйесі күшейді ме? Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берген ІТ сарапшы мәселенің ықтимал себептерін болжап көрді.
Негізінен, WhatsApp желісіне қатысты дәл осындай жаппай бұғаттау биыл тамыз айында басталған. Әлем бойынша байқалған ақауға қатысты ресми пікір жариялаған Мета компаниясы аккаунттарды қалпына келтіріп жатқанын мәлімдеген еді. Көріп отырғанымыздай, бұл жағдай қыркүйекте де қайталанып отыр. Кей адам WhatsApp қосымшасы өзінен өзі 7 күнге бұғатқа түсті десе, тағы біреулердің аккаунты 7 сағаттан 24 сағатқа дейін жабылып қалған. Тіпті аккаунты екі сағат сайын өзінен өзі істен шығып жатқан адамдар да бар көрінеді.
Мәселе бұнымен ғана бітпей, WhatsApp акаунтқа келетін кодты да жібермейтін болған. Тіпті кодқа сұрау салған кезде оны бір сағатта бір рет қана сұрата аласыз. Бұл да желі қолданушыларының шағымын үдейткен.
ІТ саласының маманы Нұржол Табиғаттың айтуынша, WhatsApp-та спам, алаяқтық және күмәнді әрі белсенді хаттарды автоматты түрде анықтайтын қауіпсіздік жүйелері жұмыс істейді. Яғни, месенджер қолданушының әрекетін бақылап, күмәнді нәрсе деп байқаса, аккаунтты уақытша бұғаттауы мүмкін.
«WhatsApр-та аккаунттарды автоматты түрде тексеретін жүйе бар. Бірақ ол кейде қателесуі мүмкін. Сондықтан қазір болып жатқан жағдайды Қазақстанға қарсы арнайы «блокировка» немесе кибершабуыл деп айтуға болмайды. Бұл техникалық ақау немесе жүйенің кейбір әрекеттерді қате қабылдауынан болуы мүмкін. Сол себепті кейде қарапайым адамның аккауынты да күмәнді көрініп, себепсіз бұғатталып жатады», - деді Нұржол Табиғат.
Оның айтуынша, аккаунт бірнеше рет бұғатталса, WhatsApр-тың ішіндегі «қайта қарауды сұрау» функциясы арқылы шағым жіберуге болады.
Сарапшы сонымен қатар аккаунтты ақылы түрде «ашып беремін» деген бейтаныс жандарға сенбеу керек дейді. WhatsApр-қа кіруге арналған SMS кодты да ешкімге беруге болмайды.
«Ең бастысы – бір ғана WhatsApр желісіне тәуелді болып қалмау. Егер оны жұмыс үшін қолдансаңыз, телефон қоңырауы, электрондық пошта сияқты қосымша байланыс жолдарын сақтап қойған дұрыс», - деп атап өтті.