Маман пікірі: Үнемі маска тағып жүру – зиян
30 шілдеден бастап барлық қазақстандықтар қоғамдық орындармен қатар, көшеде де маска тағып жүруге міндеттелді
Еліміздің Денсаулық сақтау министрінің бұйрығын орындамағандар 83 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Аталған жаңалық жария етілгеннен кейін көшеде бетперде кигендердің қатары қалыңдағаны аңғарылады. Ал отандық дәрігерлер үнемі маска тағудың адам ағзасы үшін пайдасынан гөрі зияны басым екенін айтады. Өйткені, адамның демі және терлеуінің нәтижесінде ылғалданып қалған бетперде қабатында вирустар белсенді түрде көбейіп, ағзаға өту қаупі жоғарылайды. Azattyq Rýhy тілшісі мамандар пікірін білген еді.
ХАЛЫҚ МАСКАНЫ ДҮКЕНГЕ КІРУ ҮШІН ҒАНА ТАҒЫП ЖҮР
Коронавирус пандемиясы басталған сәтте елімізде медициналық маска тапшылығы мәселесі бірінші орынға шығып, денсаулық сақтау саласы органдарының қызметкерлері бетперденің вирустан қорғамайтынын, тіпті оны үнемі тағып жүру зиян екенін айтып дабыл қаққан еді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да науқастанбағандарға маска тақпауды ұсынады. Ұйым мамандары медициналық бетпердені жұқпалы дертке шалдыққандарға және олармен тығыз қарым-қатынас жасайтын жандарға ғана пайдалануға кеңес береді. Сондай-ақ оны дер кезінде ауыстырып отыру шарт.
Петропавл қаласының тұрғыны, журналист Нұргүл Қазиева көшеде маска тағу талабына үзілді-кесілді қарсы. Себебі, тұрғындардың басым көпшілігі әлі де медициналық масканы вирустан қорғану үшін емес, дүкенге кіру үшін ғана пайдаланатынын айтады.
«Мен далада маска тағуды міндеттеуге қарсымын. Оны 2-3 сағат сайын ауыстыру керек. Жергілікті халықтың менталитеті оған дайын емес. Көпшілік бұл қарапайым санитарлық-гигиеналық талаптарды орындамайтынына талай көзім жетіп жүр. Кейбір азаматтардың «кезекші» маскасы болады. Оларды он күндеп пайдаланады, жумауы да мүмкін. Бұны ешкім жоққа шығармайды. Талап сондай болғандықтан, бір масканы тағып жүре береді. Оның денсаулық үшін ешқандай пайдасы жоқ. Өз басым подъезд, қоғамдық орындарға кіргенде маска тағуға қарсы емеспін, ал далада адам таза ауамен тыныстауы тиіс деп ойлаймын. Пандемия басталған сәтте тәжірибелі дәрігерлер, инфекционистер далада жалғыз жүрсеңіз бетперденің қажеті жоғын, оны үнемі тағып жүру зиян екенін айтқан болатын. Қазір халыққа басқа талап қойылып отыр», - дейді Нұргүл.
МЕДИЦИНАЛЫҚ МАСКА ТЕГІН ТАРАТЫЛУЫ ТИІС
Өз бұйрығын бұқараға жеткізген министр Алексей Цой қауіпті індеттің таралуын азайту мақсатында әлемнің бірнеше мемлекетінде жаппай маска тағу режімі енгізілгенін жеткізіп, АҚШ, Польша, Австралия сынды елдердің тәжірибесінен мысал келтірді. Алайда министр мырза аталған мемлекеттердің бірқатарында медициналық маска тегін таратылатынын ескермеген сыңайлы. Адам күніне қорғаныш құралының 5 данасын пайдаланған күннің өзінде, айына орта есеппен 20 мың теңгеге шығындалады.
«Жаппай масқа тағу – адам құқығын шектеу. Әркімнің өз таңдауы болуы тиіс. Далада бетпердемен жүру – тым артық. Оны ғалымдар мен дәрігерлердің өздері айтып жатыр. Мемлекет беріп жатқан 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақы бір отбасының бір айлық маскасына жетпейді. Халыққа маска тағуды міндеттегенше, министрлік емдеу сапасын арттыра, әлдеқайда тиімдірек болар еді», - дейді заңгер Гүлбахша Мұсабаева.
МАСКА ТАҒУҒА ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ӨЗІ ҚАРСЫ
40 жылдық еңбек өтілі бар отандық дәрігер Марал Иманбаева қарапайым халық түгілі, сырқаттармен жұмыс істейтін медицина мамандарының өзі масканы уақытылы ауыстырмайтынын айтады. Себебі, қорғаныш құралдары жеткілікті мөлшерде берілмейді.
«Маска – инфекцияға қарсы қолданып жатқан амал. Оның қаншалықты тиімді екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Оның бізді вирустардан қаншалықты қорғайтыны белгісіз. Дегенмен, ауырмаудың барлық амалын жасау керек. Өз басым маскасын әр екі сағат сайын ауыстыратын адамды көрген емеспін. Дәрігерлер де масканы уақытылы жаңартпайды. Мен қазір зейнет демалысындамын. Біз жұмыс істеген кезде күніне 2-3 маска ғана берілетін. Қазір бұл мәселе оңтайлы жолға қойылды дей алмаймын. Кей дәрігер жұмыста 24 сағат жүреді. Жуырда ауруханада жатып емделдім. Медициналық персонал маска ауыстырған сайын бір реттік халатты да жаңадан киюі шарт. Бұл талаптың орындалмайтынына да көзім жетті», - дейді ол.
Маман үнемі маска тағу тыныс жолдарымен таралатын басқа да вирустарды жұқтыру ықтималдығын арттыратынын айтады. Өйткені, түрлі аурулар тудыратын микроағзалар маска қабатына жинала береді. Петропавл қаласындағы №1 қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Ботагөз Сүлейменова да көшеде маска тағуға қарсы.
«Далада жүргенде әлеуметтік қашықтық сақталса – маска тағу артық. Себебі, адамның тынысы мен шыққан тері арқылы ол суланып, қонған вирустардың көбеюіне оңтайлы жағдай туғызады. Тек қашықтық сақтау мүмкін болмаған жағдайда ғана бетперде пайдаланған дұрыс. 5 жасқа дейінгі емес, 12 жасқа дейінгі балаларға маска тақпауға рұқсат етуге болады деп ойлаймын. Себебі, олар сирек ауырады. Негізінен, сырқаты симптомсыз өтеді», - дейді дәрігер.
Оңтүстік Корея ғалымдары биылғы жылдың көктемінде масканың жаңа типтегі коронавирусқа қаншалықты тосқауыл болатынын зерттеп, нәтижесін Annals of Internal Medicine журналында жариялаған. Ғалымдар Сеулдің екі ауруханасында ем алып жатқан 61, 62, 35 және 82 жастағы сырқаттардың қатысуымен тәжірибе жүргізген. Нәтижесінде, тәжді вирустардың маскадан өтіп кететіні, оның вирусқа тосқауыл бола алмайтыны дәлелденген.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО