Жағымсыз иіс кеше түнде сезіле бастаған
Атырауда ауа сапасы күрт нашарлап, халықты шошытып жатыр. Дәлірек айтсақ, бүгін, 7 қыркүйек күні таң ата қаланы қалың тұман басқан. Әкімдік ауаның неден ластанғанын әзірге тапқан жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желі қолданушылары шамамен таңғы сағат 05:00 шамасында жағымсыз иістен оянып, сол қалпы ұйықтай алмадық дейді. Тіпті үйдің терезелері жабық тұрса да иіс пен түтін қатты сезілген.
Жазбаларға қарасақ, халықтың арасында денсаулығы күрт нашарлап, тыныс алуы қиындаған тұрғындар да болған көрінеді. Тіпті бұл түтіннен қаладағы құстар қырыла бастаған.
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов мән-жайды анықтау үшін шұғыл кеңес өткізген. Әкімнің баспасөз қызметі Ақшолақовтың бейресми жиналыстағы суреттерін жариялап, ақпарат ұсынған.
Сол дереккөзге сүйенсек, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары бұл құбылыстың себебін анықтау үшін бірнеше тексеру бастаған. Болат Ақшолақов болса, далада не болып жатқанын өз көзімен көру үшін «Сасық сай» буландыру алаңдары мен Атырау мұнай өңдеу зауытының буландыру станциясына барды.
«Болат Ақшолақов мемлекеттік органдар және Атырау мұнай өңдеу зауытының өкілдерін жинап, кеңес өткізді. Олар ауа сапасына қатысты мониторингтің нәтижелерін талқылаған», - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бүгін түскі сағат 12.30-дағы жағдай бойынша облыс әкімдігі қаладағы тұманның себебін түсіндірген жоқ.