Ең арзан пияз Түркістан облысында тіркелген
Ұлттық статистика бюросы жаздың соңғы аптасында Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы арзандағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соның ішінде, бір апта ішінде пияз 7,2%, сәбіз 4,6%, картоп 3,2%, ақ қырыққабат 3,1%, алма 1% арзандаған көрінеді.
«Өңірлерге келсек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағалар деңгейі бір апта ішінде Жезқазғанда 0,4%, Қостанайда 0,2%, Ақтау мен Қарағандыда 0,1% төмендеді. Республика бойынша пияздың орташа бағасы килограмына 166 теңге. Ең төмен баға Түркістан қаласында тіркеліп, бір келі пияз 135 теңгеден сатылған», - деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.
Ал Қазақстан бойынша сәбіздің орташа бағасы 238 теңге болса, ең арзан сәбіз Павлодар қаласында тіркелген. Қалада сәбіздің келісі 155 теңге.
«Республика бойынша картоптың орташа бағасы килограмына 234 теңге. Ең арзан картоп Павлодар және Қостанай қалаларында тіркелді», - деп хабарлайды дереккөз.