Мүгедектігі бар балаларға арналған мектеп қандай болуы керек? Қазақстанда жаңа стандарт пайда болды

Стандарт биыл 1 шілдеден бастап қолданысқа енді

Мүгедектігі бар балаларға арналған мектеп қандай болуы керек? Қазақстанда жаңа стандарт пайда болды
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Қазақстанда мүгедектігі бар балалардың мектепте қауіпсіз әрі кедергісіз білім алуына қойылатын талаптар пайда болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаңа ұлттық стандартқа сай,  мектептің кіреберісінен бастап сынып, асхана, кітапхана, спортзал мен акт залына дейін мүмкіндігі шектеулі балаға ыңғайлы болу керек. Қазақстанның стандарттау және метрология институты әзірлеп шыққан ережелер биыл 1 шілдеден бастап қолданысқа енді.

Талап бойынша енді мектептер алдына пандус қана орнатып қоймай, мектептің ішін де, білімнің мазмұнын да баланың мүмкіндігіне бейімдеу керек.

Көзі нашар көретін балаларға қатысты өзгеріс

Мектептің айналасындағы жол тегіс, кедергісіз және тайғақ емес болуы қажет. Көру қабілеті бұзылған балалар үшін бағыт-бағдар беретін жолақ пен белгі орнату керек. Ал тротуар мен жол қиылысатын жерлер кресло-арбамен жүретін балаларға ыңғайлы етіп салыну керек.

Бала мектепке кедергісіз кіру керек

Мектептің кіреберіс де мүмкіндігі шектеулі оқушылар үшін ыңғайлы болуы шарт. Бұл үшін пандус пен арнайы көтершік құрылғы орнату керек. Кіреберіс есікке көмек шақыратын батырма болады.

Қоңырауды балалардың бәрі есту керек

Жаңа стандартта мектептегі ескерту жүйесіне де назар аударылған. Мектепте дыбыстық сигналмен қатар жарық белгісін қолдану ұсынылады. Бұл әсіресе есту қабілеті төмен оқушылар үшін маңызды. Мысалы, сабақтың басталғаны мен аяқталғаны мектеп қоңырауымен қатар жарық индикаторы да білдіруі мүмкін.

Көру қабілеті бұзылған балалардың қауіпсізді үшін эвакуация жоспары мен схемалары жасалып, ол брайль қарпімен жазылуы керек. Эвакуациялық шығу жолдарын жарық маяктарымен де белгілеу ұсынылады.

Дәретхана мен сыныптарда да арнайы жағдай жасалады

Мектеп дәретханаларында кресло-арбамен жүретін балаларға арналған кемінде бір арнайы кабина болуы қажет. Оның есігі сыртқа қарай ашылуы тиіс. Сынып бөлмелерінде де оқушылардың қажеттілігі ескеріледі. Кресло-арбамен жүретін балаларға алдыңғы қатардан орын бөлу ұсынылады. Сыныптағы тақта да оның көру деңгейінде орналасуы керек. Ал көру қабілетін бұзылған оқушылардың орны жарықтың түсу ерекшелігіне қарай таңдалады. Ал парталар мен үстелдердің үсті жарық шағылуды азайтатындай күңгірт болу ұсынылады.

Кітапхана, спортзал және акт залы қолжетімді болуы керек

Кітапханада аудиокітаптар, электронды бейне үлкейткіштер және бедерлі графикасы бар оқу материалдарын пайдалану ұсынылады. Субтитр де жұмыс істеу керек. Көру, есту және тірек-қимыл функциялары бұзылған балалардың оқуына көмектесетін арнайы компьютерлік құрал болуы тиіс. Ал акт залы екінші қабатта орналасса, мектепте міндетті түрде лифт болу керек.  Кресло-арбамен жүретін оқушыларға залда арнайы орындар қарастырылып, сахнаға шығатын жолға пандус орнату керек.