Шығыны 36 млрд теңгеге жеткен Астана әуежайы тығырықтан шығудың жолын іздеп жатыр

Автор: Махан Миражан

2025 жылдың қорытындысы бойынша әуежайдың жалпы жиынтық кірісі 4 млрд теңгені құраған

Фото: әуежайдың баспасөзі қызметі

«Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайы» АҚ 2025 жылды 6,9 млрд теңге шығынмен аяқтаған. Бұл ақпарат тарай сала әуежайдың баспасөз қызметі дағдарысқа қарсы шараларын «еске алып», ресми мәлімдеме таратқан, деп жазады Azattyq Rýhy

Әуежайдың ақпарынша, былтыр 4 млрд теңге жиынтық кіріс тапқан. Ал өткен жылдардан бері жабылмай келе жатқан шығын 36 млрд теңгеге жеткен.

Шығынға қатысты ақпарат тарай сала, әуежайдың баспасөз қызметі дағдарысқа қарсы бағдарламасы бар екенін мәлімдеді. Яғни, 2025 жылғы миллиардтаған шығыннан кейін әуежайдың алдында нақты міндет тұр: жолаушылар ағыны мен коммерциялық кірісті арттырып, шығындарды қысқарту және кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығын қалпына келтіру керек. 

Олар қаржылық қиындықтарға қарамастан, биыл бірқатар өндірістік көрсеткіштерде өсім барын жеткізді.

«Қаңтар-шілде аралығында әуежай 5,4 млн жолаушыға қызмет көрсетті. Былтыр осы кезеңде 5,3 млн болған. Осылайша, жолаушылар ағыны 1,3 пайызға артты. Ішкі рейстердің саны 2 пайызға, халықаралық рейстер 3 пайыздан астам көрсеткіш көрсеткен. Ал жүк пен пошта өңдеу көлемі айтарлықтай ұлғайып, 8,9 мың тоннаға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 пайыздан астам өсім», - деп мәлімдеді елорда әуежайы.

Дереккөзге сүйенсек, авиациядан тыс қызметтерден түсетін кіріс те артқан. 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында бұл бағыттағы кіріс 7,2 млрд теңге болып, бір жыл бұрынғы 5,8 млрд теңгемен салыстырғанда 24 пайызға өскен.