3 қыркүйек - Қазақстанда қазақ тазысы мен төбеті күні тойланып жатыр
Бүгін, яғни 3 қыркүйек күні Қазақстанда алғаш рет қазақ тазысы мен төбеті күні тойланып жатыр. Ғасырлар бойы қазақтың көшпелі өмірімен біте қайнасқан ұлттық тұқымдар бүгінде халықаралық деңгейде де таныла бастады. Алайда тазының танымалдығы артқан сайын оның тұқым тазалығын сақтау, табиғи аңшылық қасиетін жоғалтпау мәселесі де өзекті болып отыр. Осы орайда Azattyq Rýhy «NOMAD» ұлттық аңшылық клубы» қоғамдық қорының төрағасы Болат Құнанбаевпен сөйлесіп, ұлттық тұқымның бүгіні мен болашағын сұрады.
Болат Нұрмұқанұлы қазақ тазысы мен төбетіне қатысты шешімді мемлекеттің бұл бағытқа назар аударған жақсы қадамы деп бағалады. Оның айтуынша, бұл күнді тек мерекелік дата ретінде қабылдауға болмайды. Керісінше, қоғамға тазы мен төбеттің ұлттық мәдениеттегі орнын түсіндіріп, оларды сақтау, зерттеу және дұрыс өсіру мәселелеріне назар аударуға мүмкіндік береді.
«Ең бастысы - бұл күнмен бірге нақты жауапкершілік те келуі керек. Біз тазыны тек мақтан тұтып қана қоймай, оның генетикасын, тұқым тазалығын, сыртқы типін және ең маңыздысы - дәстүрлі жұмыс қасиеттерін сақтап қалуымыз қажет», - дейді маман.
Қазақ тазысының тарихы халқымыздың көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты. Сондықтан Болат Нұрмұқанұлы ғасырлар бойы аңшылықта адамның сенімді серігі болып, қоян, түлкі және басқа да аңдарды аулағанын еске салды. Кей жағдайда бүркіт және басқа да саятшылық дәстүрлерімен бірге жұмыс істеген. Сол себепті тазыны тек «аңшы ит» деп қарау оның тарихи және мәдени маңызын толық ашпайды.
Болат Құнанбаевтың пікірінше, тазының бойында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, табиғатпен қарым-қатынасы, аңшылық мәдениеті және ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан селекциялық тәжірибесі бар. Бүгінде қазақ тазысын ұлттық ит тұқымы ретінде сақтау заңнамалық және кинологиялық деңгейде де бекіп келеді. Оның генетикалық құрылымы зерттеліп, тұқымның ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан анықтауға бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр.
Соңғы жылдары тазыға қызығатындардың саны көбейде. Алайда сұраныстың өсуі тұқым тазалығына қатысты мәселелерді де күшейтіп отыр. Осы салада 15 жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келе жатқан маман ретінде Болат Құнанбаев сыртқы түрі тазыға ұқсайтын кез келген итті таза қанды тазы деуге болмайтынын айтты. Оның шығу тегі мен ата-тегі, морфологиялық көрсеткіштері, денсаулығы, генетикалық деректері және тұқым стандартына сәйкестігі кешенді түрде бағалануы қажет.
Оның сөзінше, тазының сыртқы сымбаты оны соңғы жылдары ерекше танымал етті. Бірақ маман бұл үрдістің тұқымның табиғи қасиеттеріне кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді.
«Тазы өте әдемі ит. Бірақ біз оны тек әдемі сыртқы бейнесі үшін өсірсек, оның ең маңызды қасиеттерінің бірі - жұмыс қабілетін жоғалтып алуымыз мүмкін», - дейді Болат Құнанбаев.
Сондықтан асылдандыру кезінде сыртқы сипатымен қатар иттің жылдамдығы, төзімділігі, ептілігі, аңды қуу қабілеті мен табиғи инстинкті де ескерілуі керек. Бұл ретте далалық және аңшылық сынақтарының маңызы зор. Мәселен, республикалық аңшылық сынақтарында «NOMAD» қорының тазылары бірінші және екінші орындарды иеленген.
«Нағыз тазы - әрі әдемі, әрі жұмыс істей алатын тазы. Осы екеуінің арасындағы тепе-теңдікті сақтауымыз керек», - дейді қор төрағасы.
Қазақ тазысын халықаралық деңгейде таныту бағытында да маңызды қадамдар жасалып келеді.
«2024 жылғы 3 қыркүйекте Халықаралық кинология федерациясы қазақ тазысын алдын ала мойындап, Қазақстанды осы тұқымның шыққан елі және стандарт иесі ретінде бекітті. Сонымен қатар былтыр қазақ тазысы Хельсинкиде өткен World Dog Show көрмесінде алғаш рет халықаралық деңгейде таныстырылды. Тазының халықаралық танылуын жұмыстың аяқталуы емес, жаңа жауапкершіліктің бастауы деп қарау керек. Сондықтан әлемге тазыны танытып қана қоймай, оның шынайы ұлттық келбетін сақтап қалуымыз маңызды», - дейді Болат Нұрмұқанұлы.
Маман тазының танымалдығы артқан сайын оны асырап алуға қызығушылық танытып, сұраныстың да көбейгенін айтады. Бірақ «NOMAD» ұлттық аңшылық клубында тазыны кез келген адамға бере салмайды.
Клуб мүшелері адамның итті ең алдымен не үшін алғысы келетінін, оны ұстауға жағдайы бар-жоғын, қажетті күтім мен қозғалысты қамтамасыз ете алатынын және жануарға өмір бойы жауапкершілікпен қарауға дайын екенін ескереді.
«Біз үшін ең маңыздысы - күшіктің жақсы қолға түсуі және оның болашақта тұқымның дамуына үлес қосуы. Егер адам тазының табиғатын, қозғалысқа қажеттілігін, аңшылық инстинктін және ұлттық тұқым ретіндегі жауапкершілігін түсінсе, онда біз онымен жұмыс істеуге дайынбыз», - дейді қор төрағасы.